Іс-шараға БҚО ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ержан Төлегенов, аудан әкімінің орынбасары Руслан Ғұмар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайырғали Жаймов қатысты.

Күн тәртібінде ардагерлер кеңесінің есепті мерзім ішіндегі жұмыстарының қорытындысы, Конституциялық реформа, аудандық ардагерлер кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу және БҚО ардагерлер кеңесінің облыстық конференциясына делегаттар сайлау мәселелері қаралды.
Алғаш боп баяндама жасаған Қайырғали Үмбетқалиұлы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Конституциялық реформа жөнінде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Аман Серікқалиев сөз етіп, өзгерістердің мәні мен маңызын түсіндірді.
Жиында сөз сөйлеген Фазылғали Сапар төрағаның жұмысына оң баға беріп, Конституция туралы пікірін білдірді. Сартай Қадырқұл Қайырғали Үмбетқалиұлының еңбегін жоғары бағалап, ардагерлерді ауданаралық сауықтыру-оңалту орталығында ем алуды жеңілдету мәселесін көтерді. Закария Сисенғали Конституцияның заман талабына сай болуы, заң мен тәртіп, «Әділетті Қазақстан» қағидаттары жөнінде айтты.

Нұрсұлу Ғалимоллина обаға қарсы күрес мекемесіне жаңа ғимарат қажет екенін атап өтіп, халық денсаулығын сақтаудың маңызын жеткізді. Сонымен қатар М.Жүнісов атындағы ЖОББМ-нің өмірден өткен мұғалімдеріне құрмет көрсету, С.Меңдешевке ескерткіш орнату мәселелері қозғалды. Ана мен баланы қорғау, идеологиялық тәрбиенің маңызы да сөз болды.
Жиында Көпжасар ауылдық округі Ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Жантурин, Исатай Сарсенов, Құралай Бекқалиева бірқатар өзекті әлеуметтік мәселелер бойынша ұсыныстарын білдірді.

Кеңес қорытындысында аудандық Ардагерлер кеңесінің жаңа құрамы 21 адам болып бекітіліп, БҚО ардагерлер кеңесінің облыстық конференциясына 5 делегат сайланды.
Сыйлыхан Талапұлы,
Жаңақала ауданы