26.10.2024, 12:00
Оқылды: 49

Жаңақала ауданында белгілі журналист Болат Батырмен кездесу өтті

Жуырда рухани орталықта Жаңақала аудандық орталықтандырылған кітапхананың ұйымдастыруымен кездесу кеші өтті. Шараның  басты қонағы – «Болат Батыр» мекемесінің басшысы, «Үш қоңыр» халықаралық әдебиет, мәдениет және өнер газетінің бас редакторы, «Махамбет», «Жұмекен» халықаралық әдебиет-мәдениет танымдық журналының құрылтайшысы, белгілі журналист, баспагер, халықаралық Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің құрметті өкілі Болат Батыр мырза.

image-26-10-24-09-48-1

Айта кетсек, аудандық кітапхана Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына орай «Халықаралық Махамбет атындағы сыйлықтың  иегері» куәлігі мен төсбелгісіне оқырмандарын ұсынған болатын. Нәтижесінде Махамбет атындағы халықаралық қор алқасының шешімімен төсбелгі иегерлері белгіленіп, қор төрағасы Болат Батыр сыйлықты табыс ету үшін өңірімізге арнайы келді. Құрметті қонағымызға сөз беріліп, кітапханашы мамандарымызды кәсіби мейрамдарымен құттықтай келіп:

image-26-10-24-09-48-2

- Әрқашан да айтамын, жататын жастықтарың кітап, жамылатын көрпелерің газет болсын. Үлкеніміз де, жасымыз да кітап оқуға ұмтылуымыз қажет. Қаншама жылдан бері кітапханаға арнайы мереке ретінде күн белгіленіп, кітапханашыларымыздың мәртебесі асқақтатылуы керек деп келдік. Мінекей, енді керемет күннің куәгері болып отырмыз, - деп игі пейілін білдірді. Әрі қарай, арнайы қонақтарымыздың бірі – тарихшы, өлкетанушы, қоғамтанушы Зұлқожа Ғайнеденұлы жөнінде: - Алдағы уақытта Жаңақала ауданы жөнінде кітап шығару жоспарымызда бар. Енді осы кітапқа түрткі болған - осы ағамыз. Шыны керек, бұл азаматтың еңбектерімен таныс болмағанда, өзімен жүздеспегенде, кітап туралы ойымызға да келмеуші еді, - деп жағымды жаңалығымен бөлісіп, «Халықаралық Махамбет  атындағы сыйлығының иегері»  атағымен куәлік, төсбелгі және алғысхат табыстады. Одан кейін, дәл осындай лауреат атағымен жас ақындар ұйымының  мүшесі, ақын Сыйлыхан  Талапұлын марапаттады.

image-26-10-24-09-48-3

Сонымен қатар, «Үш қоңыр» газетінде мақалалары жарыққа шыққан, аудандық кітапхананың оқырман қамту бөлімінің меңгерушісі Айнұр Сансызбайқызы мен кітап қорын  толықтыру және жабдықтау бөлімінің кітапханашысы Айбарша Мұсақызына алғысхат табыс етті. Және де «Үш қоңыр» газетінің 1 жылда жарық көрген 52 саны жинақталған переплетін кітапханаға сыйға тартты. Әрі қарай, ардагер Шайдолла Абуғалиев сөз алып, құттықтау тілегін білдірді. Шара  аталмыш мекеменің мамандары Талғат Қайырғалиұлы мен Ақерке Әділбекқызының ән шашуымен жалғасты.

image-26-10-24-09-48-4

Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Руслан Қонысбайұлы қонағымызға  алғысын білдіріп,  аудан әкімінің атынан естелік сыйлық тарту етті. Кездесуге жиналған қауым Болат Батырдың қарапайымдылығына, иманжүзділігі мен мәдениеттілігіне, сөз шеберлігіне тәнті болып, ризашылықтарын қошеметпен білдірді.

Фариза Махамбетова,

Жаңакала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале