Бүгін Жаңақала аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Жаңақала ЖОББМ-де «Әскери қызметшілердің мәртебесін арттырудағы мектептегі алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мақсат-міндеттері және мазмұны» атты облыстық семинар өтті.
Мақсаты – жас ұрпақты елімізге адал қызмет етуге, олардың теориялық білімдерін іс жүзінде көрсетуге шақыру. Сондай-ақ облыстан келген мамандармен тәжірибе алмасу. Аталмыш шараға аудан әкімінің орынбасары Руслан Ғұмар, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Данял Танзенов, облыстық білім басқармасының әдістемелік орталығының АӘТД пәнінің әдіскері Мирлан Нұрқанов, «Жауынгерлік бауырластығы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Аман Ибрашев, аудандық қорғаныс бөлімінің басшысы Азамат Куббергенов пен ауылдық округтер мен әр ауданның АӘТД пәнінің әдіскерлері мен жетекшілері қатысты.
Қонақтарды қызыл кілеммен қарсы алған мектеп ұжымы таңғы ас ұйымдастырып, әдемі көңіл-күй сыйлады. Білім ордасының акт залында жалғасын тапқан жиында Руслан Қонысбайұлы мен Данял Жұпмағамбетұлының алғысөздерінен соң Мирлан Аманжолұлы ұйымдастырушыларға өз алғысын жеткізді. Мектеп ұстаздары Дәуренбек Өтепов пен Зарина Керееваның ән шашуынан кейін «Айбын – 2023» облыстық әскери-патриоттық жарысында үздік деп танылған 10-сынып оқушылары Рахим Шафхатов пен Жанайым Асхатқызы бірнеше секунд ішінде автоматты бөлшектеу-жинақтау рәсімін жасап, қошеметке ие болды.
Содан соң жоғарыда аталған пән әдіскерлері мен жетекшілері белгіленген уақытта өз баяндамаларымен таныстырып, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Сонымен қатар шара барысында Жаңақала ЖОББМ-нің АӘТД пәнінің көпжылдық тәжірибесі бар мұғалімі Батыр Таулин арнайы жасақталған «Жас сарбаз» кабинетімен таныстырса, 2014 жылы ашылған мектеп музейінің тынысы жөнінде тарих пәнінің мұғалімі Лариса Қожахметова кеңінен ақпарат берді.
Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы