Бүгін Жаңақала аудандық мәдени-демалыс орталығында «Заң мен тәртіп» идеологиясы бағытында «Тәртіп сақшысы – қоғам тірегі» атты кездесу кеші өтті.

Оған аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Әлихан Ізбанов, БҚО мамандандырылған күзет қызметі басқармасының 2-ші полиция батальон командирінің орынбасары, полиция майоры Дамир Айденов, БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің Жаңақала аудандық ТЖ бөлімі бастығының м.у.а. азаматтық қорғау майоры Абылай Мұхамбетов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Ақдинаш Утеева, аудан орталығындағы білім ошақтарының алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәндерінің ұстаздары мен мектеп оқушылары қатысты. Алғысөз Ақдинаш Ғабдірешқызына ұсынылғаннан кейін, сөз кезегі құрметті меймандарға берілді. Олар өз салалары аясында түсіндірме жасап, пікірлерін ортаға аалды. Сондай-ақ кездесу барысында қатысушылар тарапынан қойылған қоғамдық орындағы қауіпсіздік қалай бақыланады? Төтенше жағдай кезінде күзет қызметкерлері қалай әрекет етеді? Өрттің алдын алу үшін тұрғындар қандай қауіпсіздік ережелерін білуі керек? Өрттің шығу себептері қандай? секілді сауалдарға тарқата жауап берді. Және экраннан қауіпсіздік ережелері кеңінен баяндалған бейнеролик көрсетіліп, сала мамандары тілсіз апаттардан қорғайтын құрал-жабдықтарды таныстырып өтті.

Аудан өнерпаздарының сазды бағдарламасымен көркі қызған жиында меймандар мәдениет үйінің ұжымына алғыстарын білдіріп, Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген өсиет сөзімен нүктесін қойды.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы