Бүгін Жаңа жыл қарсаңында Мемлекет басшысының халықты тұрғын үймен қамту тапсырмасына сәйкес «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Жаңақала ауданында екі пәтерлі жиырма тұрғын үй пайдалануға берілді.
Сән-салтанаты келіскен жаңа тұрғын үйдің ашылу салтанатына аудан әкімі Д.Закарин, аудандық мәслихат хатшысы С.Жәрдемалиев, аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары А.Еслямғалиева, Е.Қажиев, мекеме басшылары және ауыл тұрғындары қатысты.
Халық игілігіне пайдалануға беріліп отырған баспананың мердігері Алтай Шапкенов басқарып отырған «СПС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Құрылыстың келісім шарт құны – 613896000 теңге. Тұрғын үй кешенінің жалпы ауданы 2 416 шаршы метр.
- Өздеріңізге белгілі мемлекет басшысы биылғы жылды «Балалар жылы» деп атап өткен болатын. Сол себепті Балалар жылы аясында жаңа жыл қарсаңында көпбалалы отбасыларға баспана қолданысқа берілгелі тұр. Құрметті ауылдастар қоныс тойларыңызбен құттықтаймын! Іші толған шаттық пен қуаныш болсын! Еліміз тыныш болып, тек осындай жақсылық бола берсін! Келе жатқан жаңа 2023 жылмен құттықтаймын! Келер жыл құтты жыл болсын!, – деді аудан әкімі Дархан Әмірханұлы.
Ол құрылыс мердігерінің орынбасары Айбол Болатұлына және Нұрболат Жұмағұлұлына, Сергей Ризвановичке алғысхат табыс етті.
Одан соң мердігердің орынбасары Айбол Жұманов тұрғындарды баспаналы болуымен құттықтап, тұрғын үйді салуға жұмыстанған ұжымға алғыс білдіріп, баспана салуда ат салысқан ауыл тұрғыны Сергей Ризвановичке құрылыс басқармасының атынан алғысхат табыс етті.
Нұргүл Елтайқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz