Жаңақала ауылының оңтүстік беткейіне бас жоспарға сәйкес ауылымыздың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында жасыл желек егуге арналған ені 6 метр ұзындығы 50 метр 3 қоршау жұмыстары жүргізілген болатын.
Бүгін аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаевтің қатысуымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының шеңберінде республика бойынша ағаш отырғызу күні жалғасын тапты. Аудан әкімдігімен қатар ардагерлер ұйымы, жастар өкілдері қатысқан шарада сүмбіл ақ теректердің (тополь перамидальный) 96 данасы отырғызылды. Әр қоршауға 3 тонналық су құюға арналған бөшке қойылып, теректер тамшылату әдісімен суарылуда.
Айта кетейік, Жаңақала ауылдық округі әкімдігі биылғы жылы 500 дана терек алып, орталықтандырылған кітапхана жүйесінің, «Коммунал» мекемесінің, Жаңақала колледжінің және ардагерлер кеңесінің сұранысына сай теректер беріліп, «Сакко» саябағына, С.Бабажанов көшесінің бойындағы қоршауларға, ауылдық әкімдік алдына отырғызу жұмыстары жүргізілген еді. Алдағы уақытта ауылдың оңтүстік беткейіне аталмыш жұмыстар тағы да жалғасып, күзгі ағаштарды отырғызу жұмыстары жүргізілетін болады.
Сыйлыхан Талапұлы,
Жаңақала ауданы