14.11.2024, 18:00
Оқылды: 30

Жаңақалада әйелдер басқосты

Бүгін Жаңақала ауданында «Жан Демеуші» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің қолдауымен, аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Қазақ қоғамындағы әйел рөлі қаңдай?» тақырыбында шара өтті.

image-14-11-24-05-13-1
Жиында ауданымыздың қыз-келіншектері бүгінгі таңда жасап жатқан жұмыстарымен таныстырып, сонымен қатар апаларымыз еңбек жолдары, жетістіктері туралы айтты. Алғашқы сөз кезегін аналар кеңесінің төрайымы Ақмарал Аманқызы алып:
– «Мәдениетті ана - мәдениетті ұлт» жобасы аясында жұмыстанамыз. Яғни, әйел мәдениетті болса, сондай тәрбиені отбасына береді. Ал әр отбасының мәдениетті болуы, тұтас ұлтқа әсер етері сөзсіз. Барлық іс-шарал осы тақырыптың аясында өтті, - деп ұйымның басты мақсат-міндеті және отбасылық мәселе, қарым-қатынас, тәрбие жөнінде атқарылатын істер туралы айтты.

Келесі сөз кезегі Х.Нұрымғалиев атындағы мектеп директорының м.а. Гүлайна Асқарқызына беріліп:

- «Ер бұзылса – отбасы бұзылады, әйел бұзылса – ұлт бұзылады» деген мақал бекер емес. Расымен де көз қуантарлық жағдай, қоғамға етене араласып, белсенділіктерін арттырып, сүйікті жұмыстарымен айналысып жүрген жандар көбейіп келеді. Сіздерді сондай әйелдің бірі, өз ісінің нағыз шебері, халқымыздың «Тоғызқұмалақ» ұлттық ойының дамытып, Қазақстан Республикасының спорт шебері нормативін орындаған Қаламқас Қонысбайқызымен таныстырғым келеді, – дей келе, спортшының ғұмырнамасы мен еңбек жолын тереңінен тарқатты.

image-14-11-24-05-13-3

Қаламқас Қонысбайқызы сөз алып, 50 жасында жеткен, тарихи жеңісіне бір адамдай қуанған жұртқа ризашылығын білдірді.

Одан кейін Жаңақала мектебінің ата-аналарынан құралған Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Рабиға Сағынғалиқызы мүгедектігі бар және әлеуметтік жағдай төмен балаларға көрсетілген көмек жұмысын көрсетіп, атсалысқандарға алғысын білдірді. Ерінен ерте айырылып, 6 баласын жетектеп жалғыз өсірген, үйдің де, түздің де жұмысын теңдей атқарған қайсар ана, қазіргі уақытта 9 немеренің, 2 жиеннің қызығын көріп отырған зейнеткер Мақтым Қажиденқызы өз өмірінен баяндама жасады.

Содан соң ауданымыздың хас шебері Зарина Азаматқызы да сүйікті ісімен айналыса жүріп, сол салада жеткен жетістіктерін көрсетті. «КИНЭС» Қазақстан рекордтар кітабына енген 450 құрақшының қатарында екендігін және «Қызыл кітапқа» жасаған жұмысының енетіндігі жөнінде айтып, қуанышымен бөлісті. Сонымен қатар мүгедектер қоғамының төрайымы Халила Нұрсұлтанова жүзеге асырылған іс-шараларымен таныстырды.

Шара барысында Ақмарал Аманқызы жиналған қауымға сауалнама жүргізді. Кездесуді қорытындылай келе, алтындай уақыттарын бөліп келген халықтық «Айзере» әжелер ансамблінің мүшесі Ажар Сағынгерейқызына, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Нұрғалиқызына, аталмыш бөлімнің бас маманы Ақерке Сансызбайқызына, мансап орталығы жанынан жұмыс жасап жатқан әйел адамдарға тегістей қатысқандары үшін алғысын жаудырды.

Фариза Махамбетова,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале