Алғыс – адамның адамға жасаған жақсылығы, көмегі, көңілі үшін ризашылық білдіруі, сондай-ақ оның ойы мен іс-әрекетіне жасаған істеріне жоғары баға беру. Дәл осы тұста көктемнің алғашқы күнімен қатар келген 1 наурыз – Алғыс айту мерекесіне орай Жаңақала аудандық ауруханасының басшысы Сәрсенғалиев Ербол Сағынғалиұлының бастауымен өмір жолын медицина саласына арнап, бір кісідей еңбек еткен ардагер дәрігерлерге арналған «Алғыс айту – парызым» атты шағын мерекелік шара ұйымдастырылды.
Сөз басында аурухана басшысы мерекемен құттықтап, осы кезге дейін қосқан үлестері үшін дәрігерлерге ыстық ықыласын арнады. Қазіргі таңда қызмет атқарып жүрген жас буын өкілдері атынан ән шашу, күмбірлеген күй мен монолог оқылып, келген қонақтарға жоғары көңіл-күй мен қуаныш сыйлады.
Қазақ үйге келген қонақты қашанда құр жібермеген дана халық екенін ескере отырып, арнайы жайылған ақ дастарханнан дәм татуға шақырды.
«Жаңарған өңір»