Бүгін Жаңақала ауданы әкімдігінің қолдауымен аудан орталығындағы «Асылым» мейрамханасында ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне орай салтанатты кеш өтті.
Оған аудан басшысы Алпамыс Көшкінбаев, ауданымыздың құрметті азаматтары, еңбек ардагері Табылғали Сатқалиұлы мен облыстық мәслихат депутаты, қоғамдық кеңес төрағасы Ербол Салықов және еңбек ардагерлері, мекеме, қожалық басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Шара шымылдығы аудандық мәдениет үйі жанындағы үлгілі «Гүлдәурен» ансамблінің қазақ биімен түрілген соң Алпамыс Жаңабайұлы мерекелік құттықтауын жолдады.
Келесі сөз кезегін алған Ербол Ғұмарұлы да ыстық лебізін жеткізіп, аталмыш сала бойынша ауданымыз облыс көлемінде алдыңғы шепте екенін айтып өтті. Мерекелік жиында бір топ сала ардагерлері мен үздіктері Батыс Қазақстан облысы әкімінің, ауыл шаруашылығы басқарма басшысының, аудан әкімінің алғыс хатымен, ҚР «Ауыл шаруашылығы ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің «Құрмет ардагері», «БҚО ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің «Ерен еңбегі үшін», «БҚО ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгілерімен және «Үздік шопан», «Үздік бақташы», «Үздік жылқышы», «Үздік механизатор», «Үздік ауыл шаруашылығы саласының маманы», «Үздік шаруа қожалығы басшысы», «Үздік ветеринар», «Өндіріс саласының үздігі», «Үздік жас фермер» аталымдарымен марапатталды. Марапаттау рәсімі аудан өнерпаздарының мерекелік сазды бағдарламасына ұласты.
Айта кетелік, бүгінде аудан бойынша 518 шаруа қожалығы, 42 ЖШС, 15 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бар. 108 шаруа қожалығы асыл тұқымды мал өсірумен айналысып, асыл тұқымды ірі қара малының үлесі 19,4, қой малының үлесі 9,7, ал жылқы малының үлесі 4,2 пайызды құрап отыр.
Биыл 2 189 бас отандық асыл тұқымды аналық ірі қара малы мен 612 бас асыл тұқымды бұқа және 191 бас асыл тұқымды ұсақ мүйізді қара сатып алынып, мал басы айтарлықтай көбеюде.
Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы