9.05.2026, 21:27
Оқылды: 1

Жаңақалада думанға бөлеген дала қызықтары өтті

Бүгін Жаңақала ауданы орталығындағы атшабар алаңында аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен аудандық «Jastar» спорт клубының ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай дала қызықтары өтті.

image-09-05-26-09-10-2

Бәйге десе делебесі қозып, қиқу қосып, “ер қанаты – ат» деп желпінетін халықтың қарасы қалың болды. Бағдарлама аясында ұлттық спорттың төресі – бәйге, қазақша күрес және арқан тарту жарыстары көрермен назарына ұсынылды. Дала думанында шабандоздар аламан бәйге (15 шақырым), құнан бәйге (6 шақырым) және тай жарысы (3 шақырым) бойынша бақ сынады.
Бәйге қорытындысы бойынша аламан бәйгеде Нұралы Кенжемұраттың (Тайпақ ауданы) сәйгүлігі оқ бойы оза шауып, І орынды қанжығалады. Тілек Салимовтың (Аққұс елді мекені) тұлпары жүлделі ІІ орынға тұрақтаса, Жақсылық Тілебаевтың (Жәнібек ауданы) дүлдүлі үздік үштікті түйіндеді.
Құнан бәйгеде Асылхан Төлеуғалиевтің (Көктерек ауылдық округі) арғымағы ешкімге үзеңгі қағыстырмай, мәре сызығына бірінші болып келді. Мыңайдар Габдулкаримовтың (Казталов ауданы) жүйрігі ІІ орын алса, Тілек Салимовтың (Аққұс елді мекені) жорғасы ІІІ орынды місе тұтты.
Тай жарысында Бекжан Қарабалиннің (Пятимар ауылдық округі) тайы топ жарып, жеңімпаз атанды. Асылхан Төлеуғалиевтің (Көктерек ауылдық округі) пырағына ІІ орын бұйырса, Нұржан Сисенғалиевтің (Жаңақала ауылдық округі) саңлағы жүлделі ІІІ орынды қоржынға салды.
Боз кілемдегі белдесуде Ерасыл Ахметов қарсыласына дес бермей, жеңіс тұғырынан көрінді. Мақсат Мұратқали жүлделі ІІ орынға ие болса, Еламан Рахимов ІІІ орынды қанағат тұтты.
Арқан тартыстан күш сынаған командалар арасында «1990 жылы туғандар» командасы (Жаңақала ауылдық округі) үздік атанып, жеңіске жетті. «Жастар» командасы (Жаңақала ауылдық округі) ІІ орынды қанжығаласа, «Достар» командасы (Жаңажол ауылдық округі) ІІІ орынды иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге аудан әкімінің дипломдары мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Райхан Хамзина

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале