29.10.2025, 12:30
Оқылды: 78

Жаңақалада еркін күрестен облыстық ашық турнир өтуде 

Жаңақала ауданы, Жаңақазан ауылында қазақтың ардақты азаматы, білікті ұстаз әрі спорт саңлағы Сатым Әбуовты еске алуға арналған жасөспірімдер арасында еркін күрестен облыстық ашық турнирдің ашылу салтанаты өтті.
image-28-10-25-09-45
Шараның мақсаты – өмірін білім мен спорт саласына арнаған Сатым Әбуовтың өнегелі өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету және салауатты өмір салтын насихаттау.
Ашылу рәсімінде аудан әкімі Алпамыс Жаңабайұлы сөз сөйлеп, аудан спортының дамуына бағытталған игі істерге тоқталды және жергілікті атқарушы органдардың спортты қолдауға әрдайым дайын екенін атап өтті.
Сондай-ақ Сатым Әбуовтың қызы Гүлнара Сатымқызы мен шәкірті, Алматы қаласынан келген Айбар Ғұсман сөз алып, турнирді ұйымдастырушыларға және демеушілерге өз алғыстарын білдірді.
Жарысқа Ақтөбе, Атырау қалаларынан, сондай-ақ Атырау облысы Индер ауданы, Орал қаласы, Казталов, Сырым, Ақжайық, Бөкей ордасы және Жаңақала аудандарынан келген барлығы 12 командадан 130-дан астам спортшы қатысуда.
Ұйымдастырушылар Сатым Әбуовтың өмір жолына қысқаша шолу жасап, оның ұстаздық және спорт саласындағы еңбегін ерекше атап өтті.
image-28-10-25-09-45-1
Айта кетейік, Сатым Әбубұлы 1931 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Жаңақазан ауылында дүниеге келген. Ол Алматы Мемлекеттік дене шынықтыру институтын үздік тәмамдап, еркін күрестен көптеген шәкірт тәрбиелеген. Мектеп пен спортты ұштастыра білген Сатым Әбуов елінің құрметіне бөленіп, «Халық ағарту ісінің үздігі», «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атақтарына ие болған.
Турнирді аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі мен Жаңақазан ауылдық округі әкімдігі, сондай-ақ спорт жанашырлары ұйымдастырды.
image-28-10-25-09-45-2
Спортшылар бірнеше жас санаты бойынша өзара бақ сынап жатыр. Жарыс ертең өз мәресіне жетеді.
Бұл турнир — аудан жастарының спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды шаралардың бірі болып отыр.
Сыйлыхан Талапұлы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале