19.10.2025, 20:52
Оқылды: 60

Жаңақалада «JANAQALA RUN – 2025» жүгіру жарысы өтті

Бүгін Жаңақала ауданы дәстүрге айналған «JANAQALA RUN – 2025» күзгі жүгіру жарысын табысты өткізді. Шара аудан орталығын нағыз спорт мерекесіне айналдырды.

image-19-10-25-08-17

Таң сәріден бастап Орал, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Алматы өңірлерінен келген әуесқой жүгірушілер мен спортсүйер қауым аудан орталығына жиналды. Оны Жаңақала ауданы әкімдігі, Respublica партиясы, Two Marathoners спорттық дүкені және ARC (Aqjaiyq Run Club) бірлесіп ұйымдастырды. Сағат 10:00-де қатысушыларды тіркеу мен қарсы алу рәсімі өтті. Ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Руслан Ғұмар және Respublica партиясының БҚО филиалы төрағасы Дулат Мақатов қатысушыларға сәттілік тілеп, Жаңақаланың салауатты өмір салтын дамытудағы серпінді істерін атап өтті.

Жалпы жүлде қоры – 920 000 теңгені құрайтын жарысқа барлығы 100-ге жуық спортшы қатысты. Ерлер 10 шақырым, әйелдер 5 шақырым қашықтықта бақтарын сынады. Нәтижесінде 10 шақырымдық қашықтықта бақ сынаған ерлер арасында мәре сызығын бірінші болып қиған – Ернұр Бексұлтан (Ақтөбе). Оның ізін ала келген жерлесі Нұрысбек Сексенбай екінші орынға тұрақтаса, үздік үштікті Жарас Айтуаров (БҚО) түйіндеді. Ал нәзік жандылар арасында 5 шақырымда қарсылас шақ келтірмеген Тұрсынай Сұлтанғалиева (БҚО) шемпион атанды. Одан кейінгі орындарды Мөлдір Туткушева (Ақтөбе) мен Ақкенже Таубаева (БҚО) бөлісті.
image-19-10-25-08-17-2
Жас ерекшеліктеріне қарай да үздіктер анықталды. 29 жасқа дейінгі ерлер арасында Мәжит Мұқанов (Ақтөбе) – 1 орыннан, Аман Мералиев (Ақтөбе) – 2 орыннан, Мақсат Қозыбағаров (БҚО) – 3 орыннан көрінді. 30–39 жас санатында Оралхан Асабаев (БҚО) жеңімпаз атанса, Архат Есенғалиев (БҚО) – күміс жүлдегер, Айдар Орынғалиев (БҚО) қола жүлдегер атанды. 40–49 жас аралығында мықтылар қатарында Руслан Абишев (БҚО) бірінші, Оралбек Абдуллин (Ақтөбе) екінші, Әлібек Ғатауов (БҚО) әүшінші орын иелері. Ал 50 жастан жоғары санатында Ғабит Жүтекаев (Ақтөбе) өзгелерден озық шықты.

image-19-10-25-08-17-1

Жас қыз-келіншектердің (29 жасқа дейін) арасында жеңіс тұғырына көтерілген – Гүлім Совет (Ақтөбе). Одан кейінгі орындар Снежина Прусс пен Айым Бейсенбайқызына (екеуі де БҚО) бұйырды. 30–39 жас аралығындағы әйелдер ішінде Айжан Бисенғалиева (Маңғыстау) бірінші, Ботагөз Ишахаева (БҚО) екінші, Диана Кусегенова (БҚО) үшінші орын иеленді. 40–49 жас категориясында Зухра Ақмұқанова (БҚО) жеңімпаз атанса, Надежда Самойлюк (БҚО) екінші, Құмбат Жалғасова (БҚО) үшінші орынды місе тұтты. Ал 50 жастан асқан ардагер спортшылар арасында Наталья Зубкова (БҚО) топ жарса, Гүлнара Шохаева (БҚО) екінші, Айжан Құлжанова (БҚО) үшінші орынға тұрақтады. Спортшылар арасындағы бәсеке жоғары деңгейде өтті. Қатысушылардың барлығы мәре сызығын абыроймен кесті.

image-19-10-25-08-17-3
Жарыстың жүлде қорынан бөлек ойдағыдай өтуіне атсалысқан демеушілер қатарында жаңақалалық кәсіпкерлер: Ербол Исмагулов, Тілек Бақтығалиев, Мейрамбек Зейнуллин бар. Сондай-ақ таңертеңнен бастап жол қауіпсіздігін қамтамасыз еткен Жаңақала аудандық полиция бөлімінің жұмысы алғысқа лайық. Қауіпсіздік пен тәртіп қатаң сақталды.
«JANAQALA RUN - 2025» – бұл тек спорттық жарыс қана емес, аймақ халқын біріктіретін, салауатты өмір салтын насихаттайтын, жаңа рух пен серпін сыйлайтын ерекше шара болды.

Сыйлыхан Жұмасалық
Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале