5.12.2024, 17:30
Оқылды: 84

Жаңақалада «Кәсібім – шеберлік тынысы, елімнің ырысы» атауымен жиын өтті

Бүгін Жаңақаладағы рухани орталықтың мәжіліс залында «Жан-Демеуші» қоғамдық бірлестігі және аудандық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Кәсібім – шеберлік тынысы, елімнің ырысы» атты жиын өтті.

94b022f7-4fcc-4283-936f-179da15f2946

Өмірдің гүлі, көңіліміздің нұры, мәні мен сәні ол – ана. Шараның мақсаты – қай кезеңде де қамқорлық қолын созып, салт-дәстүрді дәріптеп, сонымен қатар табыс көзіне айналдырып отырған аналардың өз қолдарымен жасаған туындыларын, еңбектерін жиналған қауымға таныстыру.

Алдымен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азат Ранилұлы сөз алып, кеш шымылдығын ашты. Әрі қарай Қызылоба ауылынан келген ардагер ұстаз, әжелер ансамблінің мүшесі Райса Байғалиева сазгер, сырнайшы Ерлан Сатыбаевтың сүйемелдеуімен «Іңкәрім» әнін әуелете айтып, көрермен қошеметіне бөленді.

c394f82c-e0dd-415c-b621-14cdb6a25784

Одан әрі сөз алған аудандық полиция майоры Индира Тажиева әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөнінде айта кетті. Қазақ халқының ұлттық қолөнері – бұрынғы ата-бабаларымыздан бізге жеткен асыл мұра. Сол мұраны дәріптеп жүрген көрмеге қатысушылар көздің жауын алатын қолөнерлерімен таныстырды. Қолға алған шеберліктерін көрсетіп, кәсіп жолында нәсібін тауып отырған Венера Сиыққызы өзінің мал шаруашылық өнімдерінен дайындаған дәмді тағамдарын ұсынса, Алтынгүл Жаңатоллақызы қолынан тіккен ұлттық нақыштағы туындыларымен таныстырды. Зоя Мусашқызы қолдан тоқылған «Өлмейтін ойыншықтар» атты бірнеше ертегі кейіпкерлерінің қуыршағын ұсынса, ауданымызға белгілі тігінші, кәсіпкер Зарина Азаматқызы түрлі-түсті жұмсақ көпшіктер, тойбастар бұйымдарын және қонақжай халқымыздың қасиетті төріне төселетін қазақи нақыштағы ою-өрнекпен көмкерілген құрақ көрпелерін насихаттап, көрерменді қызықтыра түсті.

Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Закария Сисенғали  өз ықыласын, тілегін білдірсе, Пятимар ауылдық аналар кеңесінің мүшесі Гүлсім Аманғалиевадан қонақ кәде сұрап, әуезді ән шырқады. Сөз соңында аналар кеңесінің төрайымы Ақмарал Аманқызы келген қонақтарға алғысын айтып, өз жылы лебізін білдірді.

772238b2-028f-4754-b666-416bf1782362

Халқымыз сан ғасырлар бойы тұтынған көптеген қазақи мүліктердің түрлері де, сапасы да қазір жаңартылған. Бүгінде қазақ қолөнері  халық тұрмысында өзінің маңызын жоғалтпақ емес.

Бүгінгі кештен «Алма піс, аузыма түс» деп қол қусырып отыра бермей, заман көшімен алға ұмтылып жүрген нәзік жандылардың қатары көбейіп келе жатқанын аңғардық.

Аруғаным Қазиева

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале