Тәуелсіздік мерекесіне орай Жаңақала ауданы орталығында «Қуан» сауда үйі ашылды. Оның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Асқар Мұқамбетжанов қатысты.
Аудан орталығындағы И.Тайманов көшесінде бой көтерген жаңа сауда үйінің ашылуында аудан әкімінің орынбасары А.Жомартұлы жиналғандарды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Міне, Тәуелсіздік күніне орай ауданда тағы бір сауда орталығы ашылып отыр. Жыл сайын ауданда кәсіпкерлер кәсібін ашып, көптеген жұмыс атқаруда. Алдағы уақытта кәсіпкер Т.Қуанұлының бастаған кәсібі дамып, жаңа орталық халық игілігіне қызмет етеді деп сенеміз. Барлығыңызды мерекемен шын жүректен құттықтаймын! - деді А.Жомартұлы.
Одан әрі аудандық мешіттің бас имамы Ерік Сұлтанов және кәсіпкердің тума-туысқандары сөз сөйлеп, ізгі тілектерін білдірді.
Қуанышты сәтте кәсіпкер Т.Бегалиев сөз алып, жаңа сауда орнының халыққа үлгілі қызмет көрсететініне нық сенім білдірді.
Бұдан кейін аудан әкімінің орынбасары Асқар Жомартұлы мен еңбек ардагері Фазыл Сатқалиұлы жаңа ғимараттың лентасын қиып, ақ жаулықты әжелер шашу шашты.
Ғимараттың салтанатты ашылуынан кейін қонақтар сауда үйін аралады.
Нысанның иесі Тимур Бегалиев 1976 жылы Жаңақала ауданы Жаңақала ауылында дүниеге келген. Ол 2019 жылы республикалық бюджет есебінен 30 миллион теңге несие алып, жаңа сауда үйі ғимаратын салған еді.
Ауданда халыққа қызмет көрсету саласын дамытуға атсалысқалы отырған «Қуан» сауда үйі 21 дүңгіршек бар. Сауда үйінің басшысы үш адамды тұрақты жұмыспен қамтып, жеке кәсіпкерлерге сауда үйінен бос орындарды жалға бермек.
Алтынбек Ермекқалиев
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер