Бүгін Жаңақала ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан басшысы Алпамыс Жаңабайұлының қатысуымен кезекті қоғамдық кеңес отырысы өтті.
Жиынға бөлім басшылары мен округ әкімдері қатысты. Алпамыс Көшкінбаев баяндама жасап, аудан бойынша атқарылып жатқан жобалар мен өңіріміздегі өзен, көлдерді суландыру мәселесін айтып өтіп, ауыл ішіндегі ЛПУ қалашығын абаттандырумен қатар тұрғын үй кезегіне де тоқтала кетті.
Айта кетсек, аудан бойынша 670 отбасы бес санат бойынша тұрғын үй кезегінде тұр. Осыған орай әлеуметтік осал топтағы, көпбалалы және жетім балаларды баспанамен қамту үшін 67 үй ауылдық жерлерде салынып жатыр. Әр округтегі 2 пәтерлі 2 үйдің көлемі 70 шаршы метрден кем емес. Ал аудан бойынша 155 үй коммуналдық үй ретінде тіркелсе, 7 баспана қызметтік үй есебінде тұр.
Сонымен қатар Жаңақала ауылында ауылішілік 60 шақырым жол бар болса, соның 37 пайызына ғана асфальт төселген.
Жиында Жаңақазан округінде күз мезгілінде тұсауы кесілетін жаңа спорт кешенінің жобасы да таныстырылды. Әрі қарай алдағы уақытта дайын тұрған жобаларға тоқталды.
Оның бірегейі – оқушылар сарайын салу, Аққұс және Үшкемпір елді мекендеріне көгілдір отын жүргізу, білім саласы бойынша М.Мирманов және Д.Нұрпейісова атындағы орта мектептерді күрделі жөндеуден өткізу мен үш ауылдық мектеп жанындағы интернаттарды жөндеу жұмыстары.
Жиын соңында аудан әкіміне қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, тиісінше жауаптар алынды.
Ақерке Ғилымхан
Жаңақала ауданы