3.06.2021, 16:07
Оқылды: 45

Жаңақалада көкпардан жарыс өтті

2 маусым күні Жаңақала ауданы Бірлік ауылдық округінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы және Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында аудандық «Jastar» спорт клубының ұйымдастыруымен көкпар және жаппай көкпардан аудан біріншілігі өтті.

Халқымыздың дәстүрін ұлықтап, бұқаралық спортты және ұлттық ат спортын дамыту бағытында ұйымдастырылған жарысқа Жаңақала, Бірлік, Көпжасар ауылдарынан ат құлағында ойнайтын, білекті де жүректі 20 шабандоз қатысты. Қазақтың қанына сіңген көкпар ойынының ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева, Бірлік ауылдық округінің әкімі Ерсайын Еслямғалиев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақан Қапанов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінң басшысы Талғат Жанболатов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әлихан Досмұхамбетов, кәсіпкер Саламат Сертеков және аудандық «Jastar» спорт клубының директоры Жанболат Гумаров қатысты.

71223A38-10BE-4A90-8D09-0349BD5CC337

- Құрметті спорт сүйер қауым! Тұңғыш Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауылдарыңызда кереметтей жарыс оздырылғалы отыр. Ауданымызда ұлттық спорт түрлері көкпар, аударыспақ  жаңадан дамып келе жатыр. Ауданымызда волейбол, футбол, қазақ күресі сынды спорт түрлері облыстық, республикалық деңгейде танылып жүрсе, енді осы көкпар ойынын да солардың қатарына қосайық дегім келеді. Ұлттық спортымызды дамыта берейік. Ауылдық округтерден келген қатысушыларға сәттілік тілеймін. Тақымдарыңыз мықты болсын, салымдарыңыз сәтті болсын,- деді шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Нұрғалиқызы.

Одан әрі сөз сөйлеген Бірлік ауылдық округінің әкімі Ерсайын Қойшекенұлы спортсүйер қауымды жаздың күндерін қызықты думанға айналдырып, көкпар тартысына тұлпарларын баптап келген балуандардың өнерін тамашалауға келген жұртшылыққа ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ол көкпаршыларды әділ де әдемі ойын өрнегін көрсетуге шақырып, ұлттық спорттың туын желбіреткен жігіттердің бұл ісі жас ұрпақ үшін үлкен тәрбие құралы екенін атап өтті. Содан соң аудан әкімінің орынбасары А.Еслямғалиева осы аудандық жарыстың ұйымдастырылуына бастама көтеріп, ұлттық ат спортының дамуына атсалысқан Балғали Боранбайұлы, Алтынбек Амангелдіұлы, Тілек Нариманұлына аудан әкімінің алғысхатын табыстады.

Аталмыш жарыста Орал қаласы ұлттық ат спорты клубының жаттықтырушысы Ақылбек Ишанов бас төреші болып, командалардың тартысқа толы ойындарын қырағы көзімен бақылап, көкпаршылардың ережені бұзбай, тәртіп сақтауын қадағалады. Көкпар бәйгесінен бақтарын сынауға келген шабандоздар жалдарынан жел есіп, атқан оқша зулаған сəйгүліктерінің қарымын осы жарыста сынап көрді. Көкпар жарысының нәтижесінде үздік үштіктен көрінген Көпжасар ауылы командасының арнайы сыйлықтарын Бірлік ауылдық округінің әкімі Е.Еслямғалиев табыс етті. Екінші орын тұғырына шыққан Жаңақала ауылының көкпаршыларын арнайы жүлдесімен кәсіпкер С.Сертеков марапаттады. Жүлделі бірінші орынға ие болған Бірлік ауылының командасын А.Досмұхамбетов марапаттап, сый-сияпат жасады. Жарыс жеңімпаздарына аудандық «Jastar» спорт клубының дипломдары, медальдары және естелік сыйлықтары табысталды.

Содан соң жаппай көкпар басталды. Жаппай көкпардың бір ерекшелігі қазандыққа салым салған әр ойыншы ұпайды өз атына жаздырады. Бұл ойында әркім өзінің күші мен қайратына, астындағы атының мықтылығына сенеді. Көрермендердің қиқуы мен сайыс көрігін қыздырған шабандоздар салмағы 30-40 келі болатын серкеге таласумен біраз жүрді. Оралдық Мағжан есімді азамат астындағы арғымағымен қарсыластарынан айласын асырып, алғашқы салымды салды. Бірінші салымды салған Мағжанға ұлттық спортты жаны сүйетін Әлихан Декартұлы демеуші болып, бір құлынды сыйға берді. Шамасы жарты сағатқа созылған жаппай көкпарда барлығы 5 салым салынды. Әр салым салған шабандозға тоқты, серке және ақшалай сыйлықтар берілді. Әсіресе, кісіпкер Саламат Сертеков көкпаршы ұландарға қомақты қолдау көрсетті. Бұдан бөлек Бірлік ауылының тұрғыныдары, шаруа қожалық жетекшілектері, бір сөзбен айтқанда ұлттық спортты қолдаған мәрт азаматтар көкпаршыларға демеушілік жасап олардың шашпауын көтерді. Осылайша Бірлік ауылында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған көкпар сайысы көпшіліктің көңілінен шығып, ұлттық спортқа деген ынта ықыластарын оятты. Көкпаршылардың басын қосқан додада кәсіпкер Саламат Сертеков ағамыз 6 шілдеде көкпар ойынын ұйымдастыратындығын айтып, дүйім елдің қаперіне берді. Көкпаршыларды қолпаштайтын көрермен мен ұлттық спортты қолдайтын азаматтар барда Жаңақалада көкпардың жалауы желбірейді деген ойдамыз.

Ақсәуле Сексенбайқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале