Жаңақалада Оқап Қабиғожинның туғанына 115 жыл толуына арналған «Күй – құдірет, күй – кие!» атты облыстық күйшілер байқауы өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Нұрғалиқызы домбырашыларға сәттілік тіледі. Талай мықты күйшілердің мекеніне айналған Жаңақала бұл жолы да игі дәстүрден жаңылмай, жас домбырашыларды үлкен құрметпен күтіп алды.
Қатысушылар іріктеу кезеңінде Құрманғазының «Сарыарқа» және «Байжұма» күйімен қатар, Дәулеткерейдің бір күйін орындады. Бұл кезеңде үміткерлер өздерінің қаншалықты дайын екендіктерін көрсетіп, қасиетті қара домбыраның шанағынан төкпе күйлерді төгілдіріп тұрып орындады. Нарын құмының жиегіне орналасып, талай жылдар бойы алтын құрсағынан шыққан талантты ұл-қыздарына құтты мекен болған қасиетті де киелі өңір Жаңақала жері төкпе күйдің әуеніне бөленді.
Екінші кезең аяқталған тұста көрермен демдерін іштеріне тартып, кім жеңімпаз атанды екен? деген заңды сауал әрбірінің жүздерінде тұрды. Түстен кейін гала концертке ұласқан байқау одан сайын ажарлана түсті.
Аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин өңіріміздегі күйшілік өнерге, тарихи тұлғаларға, олардың қалдырған өшпес мұраларына тоқталып өтті. Жеңіс Ғимранұлы, Ербол Аманжолұлы, Жарас Болатұлы сынды күй саласының білгірлерінен құралған қазылар алқасының шешімімен «Арнайы сыйлыққа» Гүлім Әділгереева (Қаратөбе ауданы) ие болды. Қазылардың ұйғаруымен Тұрлыхан Махамбетұлы (Орал қаласы), Наргиза Баймұратқызы (Жәнібек ауданы) ІІ дәрежелі диплом және лауреат атағын иемденді. Ал Мұхаммедиар Таңатаров (Орал қаласы), Дияр Демеу (Орал қаласы), Елдос Аманғалиев (Тасқалаауданы) ІІІ дәрежелі диплом және лауреат атағына ие болды.
Әр нотаны дөп басып, қара домбырамен небір күйлерді жеткізе орындаған өнерпаз Әділбек Қодаров І дәрежелі диплом және лауреат атағымен марапатталды. Бас жүлдеге Темірлан Біржанұлы лайық деп танылды. Жүлдеге ілікпеген үміткерлердің барлығына арнайы алғыс хат пен сыйлық берілді.
Жанайдар Болатбекұлы
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер