20.05.2026, 13:00
Оқылды: 2

Жаңақалада құқықтық тәрбиеге бағытталған маңызды жоба іске қосылды

Бүгін Жаңақала мектеп-гимназиясында «Жас сақшы» полиция сыныбының ашылуы өтті. Аталмыш сыныпқа Ұлы Отан соғысының және Ішкі істер органдарының ардагері, «Қызыл жұлдыз» орденінің, «Қоғамдық тәртіпті сақтау үздігі», жерлесіміз Сәрсек Сағитовтың есімі берілген.

image-20-05-26-11-24-2

Салтанатты жиынға аудан басшысы Алпамыс Көшкінбаев, БҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қадыржан Ерсайынұлы, бөлім басшылары, сала ардагерлері және полиция қызметкерлері қатысты. Ең әуелі, Мемлекеттік Гимн орындалып, қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан жерлестеріміз бір минут үнсіздікпен еске алынды. Содан соң, аудан әкімі Алпамыс Жаңабайұлы мен Сәрсек Сағитовтың ұлы, Ішкі істер органдарының құрметті ардагері «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Ғайбатолла Сәрсекұлына, Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қадыржан Сағынға сөз кезегі берілді.

image-20-05-26-11-24

Әрі қарай, халықаралық жыршы-термешілер одағының мүшесі Данияр Нысанғалиев арнау оқып, ізгі лебізін білдірді. Содан соң, сыныпқа қабылданған 10-сынып оқушылары ант қабылдап, полиция департаменті бастығының дене шынықтыру даярлығы спорт жөніндегі көмекшісі, полиция подполковнигі Бағдат Болатұлы мен Жаңақала ауданының полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Ердаулет Өтегенұлы «Арлан» спорт клубының мүшелік куәліктерін табыстады. Рәсімнен кейін жиналғандар білім ордасының екінші қабатына көтеріліп, «Жас сақшы» полицей сыныбын ашу үшін лента қиды.

image-20-05-26-11-24-1

Қонақтар сыныпқа кірмес бұрын Жаңақала мектеп-гимназиясының ұжымы дайындаған ақтан ауыз тиіп, ардагерлер ақ батасын берді. Сыныпқа енген соң, Сәрсек Сағитовқа арналған тақтаны ашып, ғимарат ішіндегі арнайы жабдықтар мен көрнекіліктерді аталмыш сынып оқушысы Әминат Сағидолла таныстырды.

image-20-05-26-11-24-3 (1)

Айта кетейік, Жаңақала мектеп-гимназиясы жанынан ашылған «Жас сақшы» арнайы сыныбына барлығы 16 оқушы тіркелген. Білім алушылар аптасына бір рет заң саласында және құқықтық сауат арттыру бойынша дәрістерге қатысып, ақпараттарға қанық болады. Тіркелген шәкірттер мектепті аяқтаған соң, құқық қорғау органдары саласында білімін жалғастырғысы келсе, конкурссыз қабылданады. Дәл осындай сынып ашу алдағы уақытта да аудан бойынша бірнеше мектептер де жүзеге асырылады.

 

Ақерке Мәлікқызы,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале