Мал азығы – жан азығы. Төрт түлігінің қысқы жайын ойлаған ауылдағы ағайын шөп қылтия бастағаннан шабындық іздейтін әдеті. Техникасы бар жандар жаз бойы шабындықтарда шөп шауып, қыстың қамын жасаса, ал кейбіреулері қолжетімді бағаға мал азығын сатып алғысы келетіні сөзсіз.
Жуырда Жаңақала аудандық «Жаңарған өңір» газетінде «Шөп бағасы шарықтап кетпесін» тақырыбында мәселе қаузаған болатынбыз. Нақтырақ айтсақ, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысымен бірлесе шаруақожалықтарын аралап, мал азығын төмен бағада сату бойынша түсіндіру жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде шаруақожалық иелері биыл жауын-шашынның мол болуына байланысты шөп бағасын 5000 теңгеден асырмауға уәде берген болатын. Осылайша, сөзге тұрған кәсіпкерлер аудан халқына бүгіннен бастап төмен бағада, яғни бір руллон шөптің данасын 5000 теңгеден сатып бастады.
- Жаңақала ауданындағы Жаңажол ауылдық округіндегі «Әбілмансұр» шаруақожалығының басшысы Асланбек Досатов бүгін 40 бума шөп әкелді. Алдағы уақытта 250 данадан астам шөп келеді, - деді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Светлана Бекқалиева.
Айта кетейік, тұрғындар да мал азығының арзан бағадан сатылып жатқандығына дән риза.
Жаннұр Берікқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz