Бүгін Жаңақала ауданы орталығындағы М.Мәметова мен Жеңістің 30 жылдығы көшелері қиылысында «Мектепке жол» акциясы аясында жәрмеңке өтіп, онда мектепке қажетті тауарлар қойылды.
Шараға жергілікті төрт кәсіпкер мектеп құралдарын тиімді бағада ұсынды. Мақсаты – жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде мектеп тауарларын нарықтық бағадан төмен бағада сатып алуға жағдай жасап, дайындықты жеңілдетуге бағытталған.
Жылда өтетін мерзімінен әлдеқайда кеш басталған соң ба, биыл әдеттегі бағадан 10-20 теңге арзан бағада ұсынылған оқу құралдарын тұтынушылар қарасы аз болды.
Мәселен, дәптер нарықта 30-35 теңге болса, жәрмеңкеде 25 теңге, ал «Иманғалиева» ЖК иесі Алтынбек Болатов Қытай елінің Гуанчжоу қаласынан арнайы алдыртқан мектеп сөмкелері 3 000-6 500 теңге аралығында болса, бүгінгі таңда үлкен сұранысқа ие, құны 300 теңге тұратын өшіргіші бар қаламсапты небәрі 70 теңгеге сатып жатыр.
Аталмыш кәсіп иесі тек аудан орталығында ғана емес, ауылдық округтерді де аралап, канцелярлық құрал-жабдықтарды тұрғындарға тиімді бағада ұсынған.
Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің ұйымдастыруымен өткен шарада мәдениет үйінің қызметкерлері тарапынан әуендер қойылып, келушілерге жағымды көңіл-күй сыйлады.
Альбина Тлеушова, ауыл тұрғыны:
– Төрт баламның үшеуі мектеп жасында. Жыл сайын балаларыма қажетті оқу тауарларын қаладан алып келетін едім, биыл жәрмеңкеге бірінші рет қатысып, жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсеткім келді. Бағалары көңілге қонымды, қалтаға жеңіл. Әсіресе «Иманғалиева» ЖК-ны атап көрсетер едім. Ел игілігіне арналған іс-шаралар жалғасын таба берсін.
Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы