Жаңақала аудандық мәдени-демалыс орталығында 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай «Jas kelse, iske» атты мотивациялық кездесу өтті.
Аталған шараның басты қонағы – аудан мақтанышы, КПO b.v. (Қарашығанақ Петролиюм Оперейтинг) іске қосу-баптау жұмыстарының супервайзері (Commissioning supervisor) Нұрбек Есболұлы.
Кеш иесі өзінің өмір жолын баяндап, алдағы жоспар-мақсаттарын айтып өтті.
«Қазіргі заманда таза еңбекпен нан тауып биік шыңдарды бағындыруға болады. Үш жүздің басын қосып, күллі қазақ халқын біріктірген Абылай хан:
«Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» деген сөзінің өзі қазіргі заман жастарын білімге жетелеп тұрғандай. Жастар – қоғамның қозғаушы күші, елдің болашағы», - деген салмақты сөзімен ойын түйіндеді.
Шараға қатысқан белсенді жастар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
Аруғаным Қазиева
Жаңақала ауданы