Бүгін Жаңақала аспанында елдік туын биікке көтерген, қасиетті қара домбыраның үнін ұғынған өрелі жұрттың өнегелі ұрпағы тағы бір мәрте домбыраны күмбірлетті. Оған себеп – Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің негізін қалаушылардың бірі, дарынды өнер иесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Оқап Қабиғожиннің 120 жыл толу мерейтойына орай БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, Жаңақала ауданы әкімдігінің қолдауымен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты мәдени-демалыс орталығының ұйымдастырған «Адасқақ» республикалық күй фестивалі.

Мәдени шара елімізге танымал небір дүлдүлдер мен халықтық өнерге табынушылардың басын қосты. Олардың қатарында ҚР өнер қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, профессор, күйші, домбырашы Айтжан Тоқтаған, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, ҚР білім беру ісінің «Құрметті қызметкері», домбырашы, ұстаз, фольклортанушы Кәрима Сахарбаева, мәдениет саласының үздігі, күйші, домбырашы Досым Мақсұтов, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының магистранты Құдайберген Арманов, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің директоры Медет Қуанышев, аталмыш оркестрдің көркемдік жетекшісі Батыржан Мықтыбаев, әртістері Ақылбек Бектасов, Азамат Шынаров пен өңірімізге танымал ҚР еңбек сіңірген қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Ермек Қазиев және ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Асылғаным Қазиева, күйші, Оқап Қабиғожиннің 100 жылдық мерейтойына арналған «62 Ақжелең» күй орындаушылардың республикалық домбырашылар байқауының бас жүлдегері Ермак Молдабеков те бар.

Өткен сенбі күні Орал қаласындағы Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда бастау алған өнер кеші бүгін Жаңақала ауданында жалғасын тапты.
Өнер иелерін аудан шекарасынан жаңақалалық өнерпаздар ата дәстүрімізге сай бауырсақ пен ақ ұсынып, қарсылап алды. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген атадан қалған нақыл сөзді жадынан шығармаған меймандарымыз концерт бастамас бұрын ауданымызды күй астанасына айналдырған Тұяқберді Шәмелов, Мәмен Ерғалиұлы мен Қали Жантілеуовтің кесенелеріне барып, құран бағыштап, мәдениет үйі алдындағы қазақ өнерінің қайталанбас тұлғаларының мүсіндері орнатылған Алыптар алаңына гүл шоқтарын қойды.

Одан кейін өнер ордасының фойесінде аудандық кітапхана мен Д.Нұрпейісова атындағы өнер тарихы музейінің кеш иесінің шығармашылығынан жасақтаған көрмесін тамашалап, Қ.Жантілеуов атындағы аудандық балалар музыка мектебінің жас домбырашыларының орындауындағы Құрманғазының «Балбырауын» күйіне ерекше тәнті болды.

Өнер иелерінен қолтаңба алуға асыққан жас өрендерімізден ұлттық мұрамызға деген махаббатары айқын көрініп тұрды.
Көрермен толы жиналған кештің тізгінін сөзі мірдің оғындай өткір ақын, дәулескер күйші Дәулеткерей Құсайынов жүргізіп, орындалатын әр шығарманың тарихы мен орындаушыға жеке тоқталып, көрермен көкейіне жеткізе білді.

Шара шымылдығын Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның Дәулеткерей атындағы ұлт аспаптар оркестрі Құрманғазының «Серпер» күйімен ашқан соң, Айтжан Есенұлы мен Кәрима Сүндетқызына сөз кезегі ұсынылды.
Құрманғазы, Оқап, Түркеш, Қали, Мәмен, Дәулеткерей, Жантөре секілді алып күйшілердің туындылары орындалған кеште, сондай-ақ ауданымыздың Гимніне айналған Тұяқберді Шәмеловтің әні мен жерлес ақын Закария Сисенғалидың сөзіне жазылған «Әнім сенсің – Жаңақала» туындысын Дәулеткерей атындағы ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әншісі, мұқырлық Сиғватолла Ешкаев тамылжыта шырқап, көрерменнің ыстық ықыласы мен кең қошеметіне ие болды.

Тамаша шара соңында жаңақалалық бір топ домбырашы күй шашуды құйқылжыта орындап, жиылған жұртты орындарынан тұрғызды. Одан соң сахна төріне аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев, Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиев, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің директоры Медет Қуанышов пен Қазақстан Жаузшылар және Журналистер одағының мүшесі, Жаңақала ауданының құрметті азаматы, ақын Закария Сисенғали шақырылды. Алпамыс Жаңабайұлы аудан халқының атынан ықылас гүлін ұсынды. Алыстан ат терлетіп келген қадірлі қонақтарға басын ие алғысын білдіріп, алғыс хат пен гүл шоқтарын және қаржылай сыйлық табыс етті.

Сонымен қатар Батыржан Мықтыбаевқа Жаңақала жұртшылығының атынан ат мінгізді. Закария Жүсіпқалиұлы да тағдыры тауқыметпен өтсе де, аз ғұмырында күй әлемінде ойып алар орны бар Оқап Қабиғожинның шығармашылығын күні бүгінде насихаттап жүрген өнер иелеріне рахметін айтып, орайлы сәтте Астана қаласындағы Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияға Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, профессор Шамғон Қажығалиевтің аты берілсе деген ұсынысын ортаға салды.

Домбыра – қазақтың жаны, ұлттық болмысы. Ән – көңілдің ажары болса, күй – көркем ойдың мәйегі. Бір күй – бір тарих, бір тағдыр. Бүгінгі кеш соның дәлелі болды. Күй десе делебесі қозып, қомданып қалатын өнерсүйер жаңақалалықтардың құлақтарының құрышы қанып, рухани азық алып, шөлі басылды десек қателескендігіміз емес.


Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы
Айтжан Тоқтаған, ҚР өнер қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, профессор, күйші, домбырашы:
- Құрманғазы оркестрінің негізін қалаған алғашқы дүлдүл домбырашылардың ішінде Қали Жантілеуов, Лұқпан Мұхитов, Оқап Қабиғожинның алатын орны ерекше. 1934 жылы он жеті адамнан құрылған оркестрдің негізгі мүшелері осылар. Олардың еңбегі арқылы аты әлемге жайылған Құрманғазы оркестрі құрылды. Бүгін сол оркестрге — 90 жыл. Әр елдің, әр ұжымның, әр халықтың өнеріне еңбек сіңірген азаматтарды еске алып, мадақтау – азаматтық борышымыз. Облыстық мәдениет басқармасының, Жаңақала әкімдігінің қолға алған бұл шарасы тәлімді де, танымды да кеңейтетін үлкен дүние. Әрқашан осынымыздан ажырамайық. Әр шараның үлкен мақсаты болады. Таңертең осы жерде өнер көрсеткен Қ.Жантілеуов атындағы өнер мектебінің жас домбырашылары Оқап, Қали бабалары секілді үлкен жетістіктерге жетіп, елімізді әлемге таныстын. Өнер өсе берсін. Халық соны бағаласа, өнер өлмек емес.
Кәрима Сахарбаева, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, ҚР білім беру ісінің «Құрметті қызметкері» домбырашы, ұстаз, фольклортанушы:
- Әлемде рухани мұрасымен теңдесі жоқ халық бар. Сол халықты ерекшелейтін төл өнері. Бұл қазақ халқы. Қазақ пен күй егіз ұғым. Күйді барлық жерде қадірлеуде. Осы жасқа дейін көптеген күй шараларына бардым, «күй Отаны» деп аталатын өңірлерде болдым. Алайда Жаңақала жерінен күйге деген ерекше құрметті, үлкен мәртебені көрдім. Бұл жерде қасиетті өнерді жас ұрпақтың бойына сіңіру бар. Бүгінгі шарадан халықтың болашағына әсері зор жағымды тұстарын байқадым. Тұлғаға айналған бабаларымыздың басына барып, тағзым еттім. Әбіш ағамыздан асып біз не айта аламыз?! «Қазақ даласында үйір-үйір жылқы жүрсе, үйір-үйір композитор Жаңақалада» деп айтып кеткен. Батыс күйінің әлемге атын шығарған, Гимн болып жүрген Сарыарқамыз немісті де, қытайды да орнынан тұрғызған Адайымыз, сол күйлерді өмірге алып келген Мәмен, Оқап, Қали, Құрманғазы есімдерін алты құрлыққа паш еткен Шамғон, бәрі де Жаңақаланың киелі топырағында дүниеге келген. Көңілім босағаны соншалық, жүрегім аузыма тығылып, айтарға сөзім болмады. Жасыратыны жоқ, қанша жыл консерваторияда жұмыс жасап жүрсем де, Жаңақалада жас домбырашылардың көп екенін білмейді екенмін. Күні ертең бұл бүлдіршіндеріміз ержетіп, елдің тұтқасына айналады деп сенемін. Күйді әлемге әйгілеген қазақ болса, қазақты танытқан күй. Өнерді қадірлейтін өлкеге Төлеген Тастайұлы басшылық еткен кезде келгенмін, бұл жолы Алпамыс Жаңабайұлының қолдауына, ұйымдастырушылардың мінсіз жұмысына тәнті болдым. Өнерлеріңіз өрлей берсін. Өсе беріңіздер!