Жаңақала аудандық кітапхана ұжымы Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Өмір жолы – өнеге, әйел жолы – береке» атты мерекелік кеш ұйымдастырды.

Кештің шымылдығы ашылған сәтте жүргізушілер аталмыш салада ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып, бүгінде абыроймен зейнеткерлікке шыққан сала ардагерлерінің еңбектерін ерекше атап өтіп, құрметпен төрге шақырды. Олардың қатарында Зарима Дүйсенғалиева, Зейнеп Байғалиева, Балдай Әліпқызы, Баян Сәрсенғалиева, Айбарша Сұлтанова, Жаңылсын Каменова, Сара Қанатова, Алтынсара Баекенова, Алма Сүйінішқалиева, Жұмағаным Зұлқашева, Айбарша Қуанғалиева, Роза Калиманова, Зәуреш Сәрсенқызы, Әлия Фазылқызы, Раузия Хамиқызы, Қатира Транқызы және Балсұлу Мұхтарқызы бар.
Шара барысында руханияттың шамын жағып, кітапхана ісінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан, бүгінде өмірден өткен ардагер кітапханашылардың жарқын бейнесі бір минут үнсіздікпен еске алынды.

Мерекелік кеште аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Еслямғалиева сөз сөйлеп, барша нәзік жандарға мерекелік құттықтауы мен алғысын жеткізіп, құрметті қонақтарға сый-сияпат ұсынып, мерейтой иелерінің иығына шапан жапты.
Кеш әрі қарай сазды бағдарламаға ұласып, ән мен жырға өрілді. Салтанат Тұрарбекқызы жетекшілік ететін «Сөйле, сөзім, сырласым» үйірмесінің кішкентай мүшелері көркемсөз оқып, жиналған қауымға ерекше әсер сыйлап, кештің сәнін келтірді.
Сонымен қатар «Еркін микрофон» айдарында сөз тізгіні қадірлі меймандарға беріліп, олар кітапханадағы еңбек жолындағы қызықты сәттерді еске алып, жүрекжарды лебіздерімен бөлісті.

«Батамен ел көгерер» демекші, көпті көрген ақжаулықты аналардың ақ батасымен тағылымды кеш өз мәресіне жетті.
Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы