22.06.2024, 0:00
Оқылды: 65

Жаңақалада тәртіп сақшылары марапатталды

Бүгін ҚР полициясы күніне орай «Jastar» спорт клубының ұйымдастыруымен мекеме қызметкерлері арасында шағын футболдан аудандық жарыс өтті. Ішкі істер органдарының ардагерлері мен қазіргі құрамы қатысқан салтанатты жиында алдымен еліміздің мемлекеттік Гимны орындалды. Кейін Жаңақала ауданы басшысы Алпамыс Көшкінбаев, аудандық сот төрағасы Меңдіғали Бақтығұлов, аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Қайрат Хасенов пен сала ардагері Файл Нұрғалиев құттықтау сөз алып, өз алғыстарын білдіре, ауыр да абыройлы міндетті мүлтіксіз атқаруға тілектестіктерін білдірді.

image-21-06-24-10-34-7

Кезек мінсіз қызметімен ерекшеленген бір топ тәртіп сақшыларын марапаттау рәсіміне берілген соң, 9 командадан құралған спорттық шара жалғасын тапты. Жарыс қорытындысы бойынша 3-орын ҚР ІІМ БҚО мамандандырылған күзет басқармасының командасына бұйырса, ТЖБ және №16 ӨСБ командасы 2-орынға табан тіреді. Ал Жаңақала мектеп-гимназиясының құрамасы 1-орынды бағындырды. «Үздік шабуылшы» аталымына Думан Қайыров, “Үздік қақпашы” аталымына Нұрлыбек Нұртайұлы, “Үздік ойыншы” аталымына Райымбек Жолдығалиев лайық деп танылды. Жүлдегер командалар арнайы диплом, медаль және естелік сыйлыққа ие болды.

image-21-06-24-10-34-2

Айта кетелік, аудандық дода қатысушылары ұйымдастыру ақысын төлеу арқылы бақ сынасты. Түскен қаражат полиция қызметкері, бүгінгі таңда Үнді елінде қатерлі аурумен күресіп жатырған Рустам Мазитовтың есепшотына аударылатын болады. Тамшыдан теңіз құралатыны секілді, тарыдай жақсылық жасауға тырысқан жерлестерімізге Алладан таудай сауап алып, Рустам Флюрұлының амандықта ортамызға оралуын тілейміз.

image-21-06-24-10-34-11

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале