Жаңақала ауданы әкімінің қолдауымен, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Jastar» спорт клубының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған ардагерлер арасында шахматтан, ерлер арасында үстел теннисінен және волейбол, футзалдан қызмет лигаларының ашылу салтанаты өтті.

Командалар сапқа тұрғызылып, мемлекеттік Гимн орындалды. Ашылу салтанатында аудан әкімі Алпамыс Жаңабайұлы, аудан әкімінің орынбасары Руслан Қонысбайұлы, Жаңақала ауылдық округінің әкімі Ақан Болатұлы, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Ақнұрлы Нұрғалиқызы, шахматтан аудандық лигаға қатысушы ардагерлер және «Jastar» спорт клубының директоры Жанболат Жасқайратұлы бой көрсетті. Шарада сөз алған Алпамыс Көшкінбаев барша қатысушы командаларға сәттілік тіледі. Аудандық спорт мектебінің жаттықтырушысы Ернар Ғұбайдуллиннің дзюдо тобының тәрбиеленушілерінің спорттық қойылымы қатысушыларға ерекше леп беріп, көрермен көңілінен шықты.

Жаңақала шахматтан ардагерлер арасында лига сәрсенбі сағат 16:00-18:00 аралығында Ардагерлер үйінде, үстел теннисі жұма күні сағат 20:00-22:00, футзалдан қызмет сейсенбі және сәрсенбі күндері сағат 19:30-22:30 аралығында, волейбол лигасы дүйсенбі күні сағат 20:00-22:30 аралығында Жаңақала спорт кешенінде өтетін болады. Әрі қарай 2023-2024 жылдары өткен мекеме қызметкерлері арасында волейболдан және футзалдан «Қызмет” лигаларының І және ІІ орын алған командалары арасындағы супер кубок ойындары жалғасын тапты. Барша спортсүйер қауымды, апта сайын тартысты өтетін лигалардың жанкүйері болуға шақырамыз. Бірлігі жарасқан командалардың барлық мүшелеріне сәттілік тілейміз! Жеңісті күндеріңіз алда болғай!
Аруғаным Қазиева,
Жаңақала ауданы