Жаңақала ауданы әкімі Алпамыс Көшкінбаевтың аптаның алғашқы күні басталған әр округ тұрғындарымен кездесу жиыны бүгін аудан орталығындағы мәдениет үйінде түйінделді.
Сәуір айында жарияланған «Үздік ғимарат-2024», «Үздік аула-2024», «Үздік кәсіпкерлік нысан-2024», «Үздік көше-2024» байқауының қорытындысы жарияланды. Өкінішке орай «Үздік кәсіпкерлік нысан-2024», «Үздік көше-2024» аталымдарына өтініш білдіргендер болмапты. Ал «Үздік аула-2024» номинациясына Ілияс Сисеновтың ауласы лайық деп танылып, саяхаттауға екі адамға жолдама берілді.
Жаңақалалықтар үшін руханият ордасына айналып, бірнеше мекеменің басы біріккен Рухани орталық ғимараты «Үздік ғимарат-2024» аталымын жеңіп алып, қаржылай 3 миллион теңгеге ие болды. Осы ретте аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Нұрғалиқызы бұл марапаттың артында біраз қызметкердің еңбегі тұрғанын айтып өтіп, ғимараттың шаруашылық меңгерушісі Замира Төремұратоваға алғысын білдірді.
Марапаттау рәсімі аяқталған соң Жаңақала ауылының әкімі Ақан Қапанов мінберге шығып, жыл бойына ауыл ішінде атқарылған ілкімді істер мен шешімі табылмаған шаруаларды тарқатып айтып берді.
Келесі сөз тізгінін алған Алпамыс Жаңабайұлы аудан көлемінде жүйесін тапқан жұмыстарға тоқталып, біраз мәселенің басын қайырды. Одан соң микрофон залдағы тұрғындарға ұсынылды.
Қанатқали Давлетқалиев қазақ радиосының үзіліссіз жұмыс жасап тұруын қаласа, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайырғали Жайымов ауыл қариялары Төлеген Арыстановтың отбасы мен Бақтығали Батыровқа әлеуметтік көмек сұрап, Сакко мектебінің орнына салынған саябаққа абаттындыру жұмысы қажет екенін тілге тиек етті.
Ал Айтуған Шарафутдин ұлттық тәрбие орталығын ашу туралы ұсынысын білдірсе, Марфуға Ғабдушева ауылішілік қоғамдық көлікті тоқтаусыз жүргізіп, автобус аялдамасын салу немесе жол бойына автобус тоқтайтын белгі орнату керектігін қажет деп санады. Жайнагүл Жасқайратова Бабажанов көшесінің батыс бетіндегі көшелерге қатқыл табанды жол салу немесе жаяу жүргіншілер жолын салуға жұмыстануды сұраса, Әділет Хамзаев қазіргі кезде МІҚ малы ұсақталып бара жатқандығы жөнінде сөз қозғап, малды қолдан ұрықтандыру мәселесін қайта қарастыруды өтінді.
Жиын соңында Ақан Болатұлы мен Алпамыс Жаңабайұлы тұрғындарға жеке қабылдау өткізді.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы