Бүгін Жаңақала ауданында «Ауыл кітапханаларын модернизациялау» жобасы аясында «Қазақ халқына» және «Тана» қоғамдық қорының қолдауымен (қажетті заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен, жиһаздармен қамтамасыз етті) жаңартылған аудандық орталықтандырылған кітапханасының «Жаңа дәуір. Жаңарған қоғам. Заманауи кітапхана» атты ашылу салтанаты өтті.

Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлы, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Білім беру, мәдениет және спорт саласының бағдарламалар мен жобаларды басқару орталығының аға менеджері Бауыржан Ерғазыұлы, «Тана» қоғамдық қорының жетекшісі Камила Асқарқызы, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқарма басшысы Қуанышбек Жанболатұлы, Бөрлі ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ансар Есіркепұлы, аудан әкімінің орынбасары Руслан Қонысбайұлы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, жерлес ақын, Закария Жүсіпқалиұлы және облыстық, қалалық, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директорлары қатысты.
Ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай ақынның ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, ойшылдың 100 өлеңін мүдірместен жатқа оқитын, облыстық «Абай оқулары» байқауының жеңімпазы Инабат Талғатқызы «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап» туындысын мәнерлеп оқыды.
Бақытжан Нарымбетов, Бауыржан Оразғалиев, Камила Лукпанова, Закария Сисенғали игі лебіздерін білдіргеннен кейін, салтанатты түрде лентасын қиды. Әрі қарай, «Айзере» әжелер ансамблі шашу шашып, жиналған қонақтар ғимарат ішіне енді. Кітапханашы Ақерке Әділбекқызы мен Салтанат Тұрарбекқызы таныстырылым жасап, тұрақты оқырмандар күмбірлете күй тартып, нақышына келтіре өлең оқып, өз өнерлерін ортаға салды.
Жиналған қауым таңданыстарын жасырмады. Закария Жүсіпқалиұлы аудан намысын асқақтатып жүрген жас буын өкілдерін таныстырып, қалам алған ақын-жазушылардың еңбектеріне тоқтала кетті.
Жас кәсіпкер Тілек Бақтығалиев құттықтау тілегін айтып, кітапсүйер оқырманға берері мол туындыларды тарту етті. Ардагерлер кеңесінің мүшесі, ауданның құрметті азаматтары Шахидолла Абуғалиев мен Ғиният Валиев аудан жұртшылығы атынан өз алғыстарын білдіріп, ақ баталарын берді. Бүгінде толассыз оқырмандарға бай орталық және балалар кітапханасы аталмыш модернизациядан кейін талғампаз оқырмандардың талабын орындап, баға жетпес құнды қазынаны насихаттау орны болып табылатын, шығармашылықты шыңдайтын орталыққа айналып, халық игілігіне берілді.
Ақерке Ғилымхан,
Жаңақала ауданы