23.04.2021, 15:13
Оқылды: 59

Жаңақаладағы атына сай Абай мектебі

Көзі қарақты оқырман жақсы біледі, Жаңақала аудандық «Жаңарған өңір» газетінде «Біз барған мектеп» деген керемет айдар бар. Бұл айдар арқылы аудан аумағындағы бір мектепті оқырмандармен таныстырып, жан-жақты баяндап, жетістіктеріне тоқталамыз. Бұл жолы Сарыкөл елді мекенінде орналасқан Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектебіне сапарлап қайтасыздар. «Мектеп – кеме, білім – теңіз» дейді дана халқымыз. Білім айдынында желкенін көтеріп, бағытынан жаңылмай, өзге кемелермен жарыса жүзіп келе жатқан білім ошағының бірі һәм бірегейі Абай мектебі деп ауыз толтырып айта аламыз.

 ж2

Мен үшін орны бөлек

Әр адам үшін ең алғаш қызметін бастаған жердің ыстық болары сөзсіз. Абай мектебі мен үшін сол себепті ыстық әрі ерекше. 2016 жылы жоғары оқу орнын ойдағыдай аяқтағасын Сарыкөл ауылына келіп, осы мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызметке тұрдым. Бірнеше жас маман бір жылда жұмысқа қабылдандық. Жарысып жұмыс жасайтынбыз. Ауыл балаларының қабілеті, оқуға деген ынтасы да біздің жақсы жұмыс істеуімізге септігін тигізді. Білім ордасындағы әріптестеріме де дән ризамын. Білмегенімізді үйретіп, бағыт-бағдар сілтеп, жақсы маман болып қалыптасуымызға ықпал етті. Мектеп директоры Жазира Молдағалиқызы түрлі жарыстарға, жобаларға қатысуымызға қолдау танытып, білімімізді шыңдауға, қабілетімізді дамытуға көмектесіп, жас мамандарға жігер беретін. Ол күндерді сағынышпен еске алып қоямын. Әлеуметтік желіден кейбір оқушыларым амандық сұрасып хат жазғанда, бекер сабақ бермегенімді ұғамын.

 «Мектебіміз заман талабына сай»

 ж1

- Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектептің негізі 1932 жылы Факеево елді мекенінде қазақ және орыс тілінде дәріс беретін жеті жылдық мектеп болып құрылды. Сол кездегі мектеп директорлары Тілепов Сақып, Сұлтанов Ниет болған. 1939 жылдан бастап оқыту тілі бірыңғай қазақ тіліне көшірілген. 1958 жылы мектеп сегіз жылдық болып қайта құрылған. Түрлі кезеңдерді басынан өткерген білім ордасы 2016 жылдың 25 маусымында Жаңақала ауданының әкімдігі қаулысы негізінде «Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектебі» КММ болып өзгертілді.

Заман талабына сай мектептің жаңа ғимараты 2015 жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілді. Бұл кезде ауыл тұрғындарының қуанышында шек болған жоқ. Мектеппен бірге қос ескерткіш те ашылды. Ол күй атасы Құрманғазы мен оның өнеріне тәнті болған, берген бағасымен оны әлемге танытқан Н.Савичиевтің тас мүсіндері еді. Ескерткіштердің ашылуында өлкетанушы Жайсаң Ақбай тарихтан сыр толғаса, дәулескер күйші Ермек Қазиев Құрманғазының «Сарыкөл самар» күйін қуаныш үстіндегі сарыкөлдіктерге тарту еткен болатын.

Мектебіміз 108 орындық типтік жобадағы екі қабатты ғимаратта орналасқан. Жалпы аумағы -  9699,2  шаршы метр. Жалпы орта білім беретін мектеп болғаннан бері 4 мәрте түлек шығардық. 2019-2020 оқу жылында 10 түлек шығарып, оның 4-і жоғары оқу орнына грантқа түссе, қалған 6-ы арнаулы орта білім беретін колледждерге грант негізінде оқуға қабылданды. Сол жылы бір оқушымыз ерекше аттестатқа ие болса, 1 оқушымыз «Алтын белгі» иегері атанды, - дейді мектеп директоры Жазира Молдағалиқызы.

«Жылы қабылдады»

- 2020 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Университетінің «Тарих, экономика және құқық факультетінің» тарих мамандығын «Серпін» бағдарламасымен бітірдім. Бағдарлама бойынша Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектебіне жолдама алып келдім. Өзім көрмеген, білмейтін елді мекенге, мектепке келу мен үшін қиын болды, көп  ойландым. Ең алғашқы еңбек жолымды осы мектептен бастадым. Мектеп директоры Жазира Молдағалиқызы аудан орталығынан қарсылап, жұмысқа алып келіп, Гүлмира Есенованы тәлімгерлікке тағайындады. Ауылдағы бір үйге орналастырып, қызмет барысымен таныстырды, бағыт-бағдар берді. Соның арқасында бір жыл ғана жұмыс істесем де көп іс-тәжірибе жинақтадым деп есептеймін. Осы мектептен еңбек жолымды бастағаныма қуанамын. Себебі  білікті басшы, ұйымшыл ұжым ұстаздарымен әріптеспін. Барлығы мені жылы қабылдады. Қызметтерімнің нәтижесіде жоқ емес. Оқушым Бекарыс Құрманғали «Туған өлкем – Сарыкөл» тақырыбындағы бейнебаяннан аудандық олимпиададан І орын алып, облыстық кезеңнен ІІ орынды иеленді. Ал Бибарыс Серікқали деген оқушым «Жемқорлыққа жол жоқ» тақырыбындағы бейнебаяннан аудандық кезеңнен ІІ орын алды.  Сонымен қатар ашық сабақтар өткіздім. Сабақты зерттеу әдіс-тәсілдерін үйрендім. Соның нәтижесінде бір жыл ішінде іс-тәжірибемді «Білім айнасы» басылымына жариялап та үлгердім. Әрі қарай да талмай қызмет ете бермекпін, - дейді мұнайлы өлке Маңғыстаудың тумасы, жас маман Ақылбек Жексенбаев.

Жетістігі мол білім ордасы

 ж33

Бұл мектептің жетістігі де аз емес. Аудандық кезеңдерді есептемегенде облыстық жарыстардан оқ бойы озып жүрген өрендері жетерлік. Сөзіміз дәлелсіз болмауы үшін жаза кетейік. 11-сынып оқушысы Бекарыс Құрманғали облыстық «Қазақстан балалары шексіз әлемде!» атты балалар кинофестиваліне қатысып, «Туған өлкем – Сарыкөл» атты бейнеролик түсіріп, ІІ орынға ие болған. «Бала дарын» балалар мен жасөспірімдер байқауының ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай  «Әлем таныған Абай» жобасы аясында мектеп оқушылары мен тәрбиеленушілер арасында өткен Абай Құнанбайұлының «Жазғытұры» атты өлеңін мәнерлеп оқумен «Жаз келбеті»  тақырыбында сурет салудан өткен республикалық байқаудан Фариза Амангелдиева І орынды жеңіп алған. Мектеп жанынан қазақ күресі үйірмесі ашылып, қазіргі кезде тұрақты жұмыс жасап келеді. Исламғали Жолдыбаев жетекшілік ететін үйірменің жас палуандары аудан, облыс көлемінде жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүр. «Мұғалім қандай болса, мектеп те сондай болмақ. Мұғалім білімді болса, ол мектептен білімді, талантты балалар көбірек шығады. Біріншіден, жаңа, кең, жарық, заманауи мектепте сапалы білім мен саналы тәрбие бере білетін  ұстаздардан білім алғаныма қуанамын. Білім беру жолындағы еңбектері зор. Екіншіден, жан-жақтылық, ізденіс, талпыныс үстінде жүретін ұстаздарым, шәкірттеріне де соны үйрете біледі. Әр нәрсеге жаңашылдықпен қарайды, сабақты да әр күнге дайындықпен келіп, оқушылармен жақсы қарым-қатынас құра біледі. «Болмасаңда ұқсап бақ» демекші, менде осындай  аса қадірлі ұстаздарымның жолын қумақшымын. Ұстаздарым сияқты әр баланың жетістігіне қуанғым келеді. Мектеп ұжымына тілерім сіздерді сыйлайтын, берген білімдеріңіздің нәтижесін жоғарғы деңгейде көрсете білетін шәкірттеріңіз көп болсын! Сіздерге деген сыйластығым мен құрметім ешқашан жоғалмайды!», - деп алғаусыз алғысын жеткізді Фариза Амангелдиева есімді мектептің биылғы «Алтын белгіге» үміткер түлегі.

Сөз соңы:

«Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады» деп ұлы Абай атамыз артына даналық сөз қалдырса, чех халқының педагогі Я.А.Коменский «Мұғалім – мәңгі нұрдың қызметшісі, ол – барлық ой мен қимыл әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз жалын иесі» деген екен. Мектеп мұғаліммен құнды, мұғаліммен бағалы. Ізгілік пен білім жолында қызмет етіп жүрген Абай мектебінің ұжымына жетістік, мол табыстар тілейміз. Шығар шыңдары мен бағындырар белестері мол екендігіне шүбәсіз сенеміз.

Жанайдар Болатбекұлы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале