15.05.2024, 17:47
Оқылды: 17

Жаңақаладағы жиында қандай мәселе қаралды?

Бүгін Жаңақала аудандық мәдени-демалыс орталығында аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаевтың қатысуымен ауыл шаруашылығы саласы бойынша ашық есік  күні өтті.

IMG_2110

Аталмыш тақырып төңірегінде облыстан арнайы келген сала мамандары  аудан жұртын  жеке қабылдады. Тұрғындардың көтерген мәселелері  бойынша жауап қатып, керекті кеңестер ұсынды.

Бұл шара одан әрі шаруа қожалық жетекшілеріне арналған жиынға ұласты. Жиынның күн тәртібінде екі мәселе қаралды.

Ауыл шаруашылығы құрылымы бойынша ауданымыздың қазіргі ахуалы жөнінде аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Светлана Бекқалиева баяндама жасап, ауданда барлығы 263 мың 641 төрт түлік тіркелгенін айтып, қыстақ саны – 351, қыстаққа қажетті мал азығы – 209,2 мың тоннаны екенін айтты.

Сондай-ақ бөлім басшысының берген мәліметінше, 106 шаруа қожалығы асыл тұқымды мал өсірумен белсенді айналысып жатыр. 2023 жылы 1 138,2 миллион теңге көлемінде алынған субсидияның мал шаруашылығына – 981 миллион теңгесі бөлінсе, инвестициялық субсидия көлемі – 157,2 миллион теңгені құраған.

Тіркелген 1116 жеке тұлғалардың иелігіндегі ауыл шаруашылық техникаларының былтыр 205-і ғана техникалық байқаудан өткен. Өрт және жол қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында қалған 987 трактор мен оның тіркемелері тиісті техникалық байқаудан мамыр айының соңына дейін өтпеген жағдайда айыппұл салынады. Келесі өңіріміздегі өзен-көлдерді суландыру жүйесі бойынша «Қазсушар» РМК Жаңақала пайдалану учаскесінің басшысы Ербол Төлеуғалиев таныстырып, жалпы 112 қақпаның 48-і «Қазсушар» теңгеріміне, 64 қақпа аудан теңгеріміне қарайтынын жеткізіп, аудан көлемінде 29 577 га көлтабандарға су шығарылғанын айтып өтті.

- Биыл судың жақсы келуі нәтижесінде Сөркөл, Жалтыркөл көлдері 90, Еділсор көлі 60 пайызға толтырылған. Қараөзен мен Сарыөзенге құятын Ақсуат, Жорта, Қашқар, Қамыс-Самар, Айдын, Сарыайдын, Райым, Қаңбақты көлдеріне әлі де су беру жалғасып жатыр, - деді Светлана Бекқалиева.

IMG_2106

Баяндамашылардың берген ақпаратынан кейін қожалық иелері сөз барысында лимандарға су жүретін біраз арнаның бітеліп қалғандығын айтып, каналдарды тазалау жұмысын жүйелі жүргізіп, аталған жұмысқа жергілікті техникаларды жұмылдыруды ұсынды. Аудан басшысы бұл жөнінде жаңа жоба жасақталып, жүзеге асырылатынын жеткізді.

Жиын барысында БҚО ауыл шаруашылық басқарма басшысының м.у.а Рүстем Зұлқашев пен облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы РММ басшысының орынбасары Қайрат Қадешовке сөз кезегі ұсынылды.

 - Мал шаруашылығы - аудан экономикасының негізгі көзі екенін айтып өтіп, биыл көктемгі далалық жұмысына 8500 тонна солярка бөлініп, күні бүгін 2000 тоннасы жұмсалды, - деді Рүстем Мүлкайұлы.

Шаруа қожалық жетекшілеріне соляркаға өтінім берерде жерінің өлшемін нақтылап көрсету керектігін ескертті. Ал Қайрат Темірғалиұлы бір кездері жойылып кете жаздаған киіктің  енді төрт түлік малмен араласып, түрлі мәселе туындататынына тоқталды.

Оның айтуынша, осы жылы ақбөкеннің төлдеуі миллионға жуықтаған. Облысымыз бойынша дала жануары қауіп төндіріп тұрған 6 ауданның қатарында өзіміздің Жаңақала да бар. Әсіресе Күйгенкөл, Қамысты, Көпжасар, Қырқопа аумақтарында. Киік жөнінде ағымдағы жылдың сәуір айының жиырмасы мен жиырма тоғызы аралығында жоспарлы санақ жүргізіліп, қорытындысы маусым айының басында шығады.

Қайрат Қадешов:

- Шаруа қожалықтары киіктен зардап шеккен жағдайда, қожалықтың шығыны өтелу қажет, - дей келе, қасиетті жануар саналатын бұл түлікті атпай-ақ өзге шектеу жұмыстары қолданылады, -  деп, сөзін түйіндеді.

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале