18.07.2017, 15:31
Оқылды: 19

Жаңақалалық ардагерлер жаңа әкімге ауылдың өткір мәселелерін баяндады

Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин қарияларды арнайы қабылдады. 


Қарияларды жылы қарсылаған аудан әкімі Наурызбай Қадырбайұлы аға ұрпақ өкілдеріне «қош келдің» айта отырып, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдауға шақырғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесі мен қоғамдық кеңестің елімізде рөлі зор екенін атап өтті. Мұнан кейін ақсақалдар сөз алып, жаңадан келген аудан басшысының жұмысына сәттілік тілеп жатты. Ара-тұра орынды ұсыныстар айтып, көкейкесті мәселелерді қаузады.

Мәселен, зейнеткер Құмарғали Қайыржанов аудан әкіміне аудандағы қордалынып тұрған ауыз су мәселесіне жіті көңіл бөлуді, сондай-ақ,  сойылған мал терісі мен жүнін тапсыратын орын керектігін, көшеде арақ-шараптың бос ыдыстары шашылып жатқанын тілге тиек етті.

Сансызбай Мырзашев аудан орталығының жаңа құрылыс жағына көбірек терек егуді, Қабдығали Текебаев мал бағатын бақташы тапшылығын, қоғамдық кеңес төрағасы Ш.Әбуғали Тәуелсіздік саябағына ешқандай су келмегенін айтты. Бұдан соң ішкі істер бөлімінің ардагері Қибатолла Сәрсеков  Соркөл көлінің төңірегі өте лас екенін хабарлап, соған жауапты жандар жұмыстарын ширатса деген тілегін білдірді.

Басқосуда аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин еңбек ардагері Ермек Лұқпановты жақында 85 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, үстіне шапан жауып, алғыс хат табыстады.

Жиын соңында ұзақ жыл мәдениет саласында елеулі еңбек еткен Ермек Лұқпанұлы аудан әкіміне алғысын жаудырып, ақ батасын берді.

Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИЕВ,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале