Тамыздың 1-15 күндері аралығында «Ақ бидай» VII облыстық ауыл спорты ойындары өткен болатын. Төрт жыл сайын тұрақты түрде өтетін бұл жарыстың мақсаты – ауыл спорты ойындарын өткізу арқылы қоғамда, оның ішінде ауылдық жерлерде, ұлттық спорт түрлеріне қызығушылықты арттыру, ұлттық спорт түрлерін дамытудағы ең үздік ауданды анықтау. Облыс құрама командасына мықты спортшыларды іріктеу, жастардың патриоттық сана-сезімдерін қалыптастыру да бұл ойынның басты міндеттерінің бірі.
«Ақ бидай» жарысында барлық спорттың атқаратын өз рөлі бар. Сол себепті де аудан намысын қорғайтын команда қандай спорт түрі бар, соның бәріне қатысуға тиіс. Олай жасамаған жағдайда ұпай саны кеміп, төменгі орынға сырғи беретіні айтпаса да түсінікті. Кикбоксинг спортынан «Жаңақаланың мерейін үстем етеміз» деген ниетпен барған жігіттеріміз үмітті ақтады. Жасқанат Сыралиев баптап апарған күрзі жұдырықты жігіттер жақсы жетістікке жетті.
Атап айтар болсақ, +91 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Ерасыл Ахметов қарсылас шақ келтірмей, жеңімпаз болды. Ерасылдың ауыр соққылары мен күтпеген жерден келетін тепкілері біраз спортшының берекетін алғанын несіне жасырайық. Ал 67 келі салмақта бақ сынаған Есболат Әбекенов финалда ғана қарсыласына есе жіберіп, күміспен күптелсе, 75 келі салмақ дәрежесінде шеберлігін байқатқан Арнүр Болатовта ІІ орын алды.
Аудан мерейін үстем ететін осындай спортшыларымыз көп болғай.
Жанайдар Болатбекұлы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz