Оралдағы Достық үйінде Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметшілер арасында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» атты облыстық біліктілік байқауы өтті. Бірнеше кезеңнен тұратын байқауға облысымыздың әр өңірінен 12 мемлекеттік қызметші қатысып, сөйлеу мәдениеті мен деңгейін, қазақ тілін меңгеру шеберлігін көрсетті.
Мемлекеттік қызметшілер жан-жақтылығын паш еткен байқау қорытындысы бойынша бабы мен бағы қатар шауып, төрт кезең бойынша сүрінбей байқау жеңімпазы атанған Жаңажол ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Гүлмарал Даулетоваға «SULPAK» техникалық сауда үйінен 40.000 теңгелік ақшалай сертификат табыс етілді.
– Байқаудың негізгі мақсаты – әр салада қызмет атқарып, еңбек етіп жүрген қызметкерлердің ана тілін білуі, қолданыс деңгейін зерделеуі, оны сараптауы болатын. Шара өте жоғары деңгейде өтті. Өз басым қатысушы ретінде байқаудың мән-мағынасын жоғары деп бағалап, үлкен жауапкершілікпен қатыстым. Ерекше әсермен ауылымызға жүлдемен оралдым, - дейді байқау жеңімпазы.
Бұл – жаңажолдық Гүлмаралдың бірінші жеңісі емес. Бұған дейін де ізденімпаздық мен жаңашылдық жолында түрлі жарыстарда төбе көрсетіп, жүлдемен оралғанын көріп жүрміз.
Ақерке Ғилымхан
Жаңақала ауданы