Жаңақала ауданы тұрғындарының көкейінде жүрген, түйіні тарқамаған түйткілдер әлі де көп. Тіршілік болғасын болуы да заңдылық қой. Соңғы жылдары Жаңақала халқын әманда алаңдатқан, жатса да, тұрса да, ойынан еш кетпеген мұң-қайғысы су болып отыр.
Жалпы Жаңақала ауданы жеріне көршілес Ресей жерінен бастау алатын үш өзен нәр береді. «Кісідегінің кілті аспанда», «Өзеннің бастауындағылар су ішеді, соңындағы у ішеді» деп қайран бабаларымыз бекерден-бекер айтпаса керек-ті.
- Кезінде... Өзендер бірнеше жерден бөгелмеген кезде көктемде тасыған су аудан жеріндегі көлдерді толтырып тұратын. Ел басына нәубет болған сонау аштық жылдары да «өзен жағалағанның өзегі талмайтынын» дәлелдеп, ашыққан талай адамды балығымен асырап, тауының жоқтығы демесең, көлінің көптігінен сексен көлімен аты шыққан Көкшетау аймағынан қалыспайтын, қандай қуаңшылық жылдары да бір емес, екі-үш ауданның малын қыстан жұтатпай алып шығатын еді қайран Қамыс-Самар,- деп тебіреніпті бір кездері ардагер журналист Ө.Ақбасов. Иә, айтса айтқандай жабағысын тай қылып, кедейін бай қылған шұрайлы өлке бұрын қандай еді, шіркін?! Қараған жанның көзі тоятын-ды. Ал қазіргі жағдайы мүлдем бөлек. Ел-жұрт қазір таңда су тапшылығынан зардап шегіп, өзен-көлдердің арнасы кеуіп жатыр. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Көп көлі құрғағасын балығы қырылды, құсы, аңы ауып, жер асты суы да қашқасын жағалай жайлаған, мыңғыртып мал айдаған елі су іздеп көшті. Десек те, биыл ешқандай су келмеді деуден аулақпыз. Дөңгелек су қоймасынан азды-көпті берген, сараңның сарқытындай аз су ауыз шаюдан ауыспағандай болды. Каналдың басындағылар су алды, соңына жетпеді. Көпжасар көлдерін айтпағанда Бірқазан көлі құрғады, аудан орталығы тұрғындарына ырыс болған Қисыққамыс көлі тартылды, Мұқыр өзені тіптен кеуіп бітті. Халықтың жаз бойы демалатын жері - су түспеген Соркөл тартылып, саси бастады. Су іздеген мал жағасына топырлап, балшыққа батып өлуі орын алды.
Бұл Дөңгелек арқылы су алатын аудан жерінің жағдайы. Қазір бар мал суы бар канал, көбіктерді жағалап жүр. Ертең ол аз су бауырлап қатып, қар түспей қара суық болса, қырылмағанда қайтеді?
«Онсыз да әлемдік қаржы дағдарысына тап болған халық малынан айырылса қалай күн көреді?», «Алдағы уақытта ауданға су келе ме, келмей ме?», «Ресей су бере ме?» деген секілді көкейді кернеген сұрақтардың жауабын іздеп, қолға қалам алдық.
Су мәселесі шешіле ме?
Алдымен аудан әкімі Наурызбай Қарағойшиннің есігін қағып, халықтың жанайқайын жеткізген едік.
- Жайық өзені кей жылдары 5-6 метрге дейін көтеріледі. Ал соңғы жылдары 2-3 метр ғана көтерілді. Судың бізге келмеуінің негізгі себебі – Жайық өзеніндегі судың көтерілмеуі болып тұр. Айта кетсек, Жайық өзенінен келетін су бойында ауданымыздың 16 мың гектар жері бар. Соңғы екі-үш жыл бойы су ала алмадық. Қазіргі таңда каналдарға тек малдық су алып отырмыз. Былтыр бар болғаны 4-5 мың гектар көлтабандарына ғана су берілді. Биыл әлі жоқ...
Үлкен өзен мен кіші өзенге тоқталатын болсақ, оларға су сатып алынады. Су сатып алу үшін жыл сайын республикалық бюджеттен 1 млрд. 400 миллион қаржы бөлінеді. Биыл келетін судың мөлшері 58 млн.текше метр. Су мамыр-қараша айларының аралығында келуі керек. Алайда рубль бағамының өзгеруіне байланысты судың да бағасы құбылып тұрады. Осыған орай биыл БҚО әкімі Ғ.Есқалиев су сатып алуға қосымша қаржы сұрады. Нәтижесінде республикалық бюджеттен 800 миллион теңге қаржыны бөлу қарастырылуда. Бұл шамамен 28 млн.текше метр су. Жоғарыда аталған Үлкен өзен мен Кіші өзенде 6000 гектар көлтабан бар. Бұған да екі-үш жыл болды, су келмеді. Осыған сай кесте жасалды. Ресейден су берілу мамырдың айының 1-інен басталды.
Қазір Үлкен өзен мен Кіші өзенге күні бүгін 2 текше метр су жіберілді. Бұл өте аз. Үлкен өзенге жіберілетін суды 4 текше метрге жеткізу мәселесі қойылды. Ол үшін жұмыстанып жатырмыз.
Бүгінгі таңда Кіші өзенде «Айдын» көлі ғана табиғи қалыпта тұр. Қараөзен бойынша проблема бар. Жалпы, аудан аумағында үлкенді-кішілі 17 көл бар. Соның біреуі ғана тұрақты қалпын сақтап тұр. Ал қалған 4 көлде (Еділсор, Жалтыркөл, Соркөл, Орысқопа) 30 пайыз су бар. Қалған 12 көлде су мүлдем жоқ. Аудан іргесіндегі Соркөлге де су келеді деп нақты айта алмаймын.
Біздегі ең үлкен мәселе – Мұқыр өзенінің бүгінгі жай-күйі болып тұр. 3 жыл болды Мұқырға су келмеді. Өзен арнасы кеуіп жатыр. Биыл Мұқыр өзеніне су келтіру мүмкіндігі қарастырылуда. Бірақ Мұқырдың қай жеріне дейін су баратынын алдын ала болжап, айту қиын. Сондай-ақ Жайық өзенінен Көшім каналына су айдау насос қондырғысын орнату үшін жоба жасалуда,- дейді аудан әкімі. «Аудан аумағына су алу үшін басқалай мүмкіндіктер бар ма?» деген сауалымызға аудан басшысы «Жайықтан келетін суға бағыныштымыз» деп қысқа қайырды. Аудан басшысының сөзіне сүйенсек, су тапшылығының кесірі, сайып келгенде, мал азығының қымбаттауына да әсер етуде. Аудан бойынша мал қыстағына қажеттілік 130-135 мың тонна болса, аталған көлтабандардан алынатын мал азығы осы қажеттіліктің 55-60 пайызын құрайды. Көлтабандарға су шықпаған соң шаруа қожалықтары шалғай орналасқан құм өңірінен, тіпті көрші аудандарданда шөп шауып, тасиды. Соған байланысты мал азығы 5000-7000 теңгеге дейін қымбаттады. «Шаруа қожалықтаы бар мүмкіндіктерін салып мал азығын жинар. Бірақ қиналатын – қарапайым ауыл тұрғындары. Қазіргі таңда мал азығы орташа есеппен 50 пайыздай тұр» деді аудан әкімі Н.Қадырбайұлы.
- Су облыс бойынша тапшы. Дегенмен былтырға қарағанда биыл аз да болса су келді. Бірақ жеткілікті емес. Биыл су кешігіп келгесін көлдіктерге жіберген жоқпыз. Тек канал бойына малдық судың деңгейін ұстап отырмыз. Сосын Қисыққамыс көліне су жіберіп жатырмыз. «Қайтсек су аламыз?» деген сауалыңыз орынды. Негізінен су Ресейден келеді. Бұл – ұлтаралық мәселе. Қыста қар көп жауып, тасқын су келмесе, басқалай қаржымен шешіледі. Алдағы уақытта бөлінетін қаржыны молайтып көбірек су алмаса, біздің қолдан келер қайран жоқ,- дейді «Қазсушар» мекемесінің аудандағы өкілі Ербол Төлеуғалиев. Су баяу берілуде. Діттеген мөлшерде келе ме, жоқ па? Оған маманның өзі кепілдік ете алмайды. Ащы да болса шындық осы. Көлдерге су лайықты деңгейде келмесе, малдың шөлден қырылмауы түсетін қарға тәуелді. Ал қар алдағы қыс айларында жауа ма? Кім білсін.
Түйін
Су тіршіліктің – қайнар көзі. Сусыз адам да, төрт-түлік мал да, аң мен құс та өмір сүріп жарытпайтыны айдан анық. Бір адам емес, бір ауданның халқы судан тарығып отыр, ел-жұрт «су келе ме?» деп қамығып отыр. «Халық қаласа хан түйесін сояды» демей ме? Мемлекеттің қымбат қазынасы халық емес пе? Сондықтан 24 мың халқы бар ауданның болашағын ойласақ, ауыл жұртын аясақ, Үкімет басшылары су мәселесін жан-жақты шешуі керек деп есептейміз.
Алтынбек Ермекқалиев,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz
Қобылан Мұхамбетов, «Нұрберген» шаруа қожалығының жетекшісі:
- Су мәселесі Мәстексай округінде өте қиын. Өзендер тартылып қалды. Су түспесе тайыз су қыста бауырлап қатып, малға да, жанға да қиындық тудырады. Қамыс-самар көлдеріне су әкелмей шаруа қожалықтарының да, жеке тұрғындардың да жағдайы алға баспайды. Мал азығы да арзандамайды. Неге су сатып алуға қосымша қаржы бөлмеске? Неге жеткілікті қаржы бермеске? Судың тапшылығы мал өсіруге ешқандай мүмкіндік бермей отыр. Қысқасы, өлместің күнін кешудеміз.
Иса Қайыров, шаруа қожалық иесі:
- Жалтыркөл жағасын жайлаған шаруалардың біріміз. Соңғы екі жылда су келген жоқ. Лайланып кетті. Балық та түспейді. Су келеді деген әңгіме бар. Келеді деп үміттенеміз. Су келмеген жағдайда Жалтыркөлдің жағасын жайлап отырған шаруалардың жағдайы мүшкіл болғалы тұр.
Еламан Тілешов, Көпжасар ауылының тұрғыны:
- Бұрын Көпжасар ауылының іргесінде көл болған еді. Қазіргі кезде көлдің суы құрғап қалды. 2-3 жылдан бері ешқандай су келмеді. Су – қайнар бұлақ. Сусыз өмір жоқ. Жанға да, малға да сусыз қиын болып бара жатыр. Бұл тек менің зарым емес, халықтың зары. Осыны ескеріп су жіберсеңіздер, нұр үстіне нұр.
Қуаныш Жаданов, Жаңақала ауылының тұрғыны, қожалық басшысы:
- Соңғы екі жылда аудан жеріндегі көптеген өзен, көлдерге су түспей құрғап қалғаны рас. Атап айтсақ, балығы мол Қамыс-Самардың барлық көлдері соңғы жылдары тегіс құрғап, балығы қырылып, құс пен аңы ауып кетті. Жаңаталап көлдері, Айдархан, Мәстексай және Жаңақазан округіндегі көлдердің біразы құрғап, соры бетіне шығып, Арал теңізінің тағдырын бастан кешуде. Балық түгілі, сол көлдерді айнала қоныстанған елдің де жағдайы мәз емес. Бұл шешімі қиын мәселеге айналды. Ресейден келетін суға балық түгіл, халық қаталап жүргені баршаға аян жай.