- Қазіргі уақытта біздің облыс эпидахуал бойынша «қызыл аймақта» тұр. Коронавирус инфекциясын жұқтырған науқас саны көбеюде. 10 наурыздан бастап аудандық ауруханада COVID-19-ға қарсы «Спутник V» вакцинасын егу науқаны басталды.
Өзім бастаған медицина қызметкерлер тобы екпе алды. Вакцина – коронавирус инфекциясынан қорғаудың ең тиімді әдісі. Вакцинаны ең алдымен халықтың коронавирусты жұқтыру қаупі бар және жұқтыру қаупі жоғары осал топтары алады. Вакцина салдыру ерікті түрде жүргізіледі. Халықтың осал топтарына коронавирус инфекциясына қарсы вакцина тегін ұсынылады. Жүкті әйелдерге, ауыр аллергиясы мен вакцина құрамындағы компоненттерге жоғары сезімталдылығы бар адамдарға, 18 жасқа толмағандарға және 65 жастан асқандарға салынбайды. Егер дене қызуы 37 градустан жоғары болса, вакцина кейінге шегеріледі. Ең алдымен, вакцина алатын адамды дәрігер тексереді, анамнез алынады. Содан кейін дәрігер ол адамға вакцина салуға рұқсат береді. Пациент ерікті түрде вакцина алатыны туралы ақпараттық келісімге қол қояды. Егер ол барлық процедуралармен келіссе, 21 күннен кейін вакцинаның екінші кезеңіне де келуі керек. Екпе салынған азаматтардың барлығы 30 минут бойы медициналық мекемеде дәрігердің бақылауында болады. Одан кейін үш күн бойы тұрғылықты мекенжайы бойынша участкелік дәрігер бақылайды.
Құрметті ауылдастар, Жаңақала аудандық ауруханасының басшысы ретінде, педагогтарды, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, созылмалы аурулары бар пациенттерді және барлық ауыл тұрғындарын вакцинадан өтуге шақырамын. Егер вакцина туралы ақпарат алғыңыз келсе, участкелік дәрігерге, мейірбикеге хабарласыңыз. Сонымен қатар аурухананың инстаграм, фейсбук әлеуметтік желідегі парақшаларынан да ақпараттар алуға болады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, халық болып денсаулығымыз үшін бірлесе әрекет етейік, - дейді Жаңақала аудандық аурухананың директоры Сержан Есенгубеков.
Ал аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева: «Коронавирус індеті әлі де әбігерге салуда. Жалпы, бүкіл әлем бойынша пандемияның келесі толқынының алдын алу мақсатымен еліміздегі халыққа тегін вакцина беріліп жатыр. Бірінші кезекте дәрігерлер алып жатса, біз мемлекеттік қызметкерлер де өз еркімізбен барып,«Sputnik V» вакцинасын алдық. Өйткені, індеттің алдын алып, сақтанайық дедік. Вакцина алмастан бұрын дәрігер тексерістен өткізеді. Білікті дәрігерлердің нұсқамасына сенеміз. Сол бағытта қолдаймыз. Кезекті келесі вакцинаны 21 күннен соң дәрігердің шақырған уақытында барып аламын. Екпе салдырған күні қызу болды және оны дәрігер ескерткен болатын. Өзімде басқа жағымсыз жағдай болған жоқ. Вакцинаға қарсы халық неше түрлі алып-қашпа сөздер айтады. Вакцина әр адамға әрқалай әсер етеді екен.
Достарымның арасында, жақын-жуық, тума-туыс, әріптестеріме де жаман індеттің алдын алып, вакцинамен егілуге шақырамын. Вакцина – дертке дауа, індетке – тосқауыл. «Жақыныңа жанашыр бол» деп жар салған заманда әрқайсысымыз вакцина салдырғанымыз дұрыс» деп кеңес береді.
Аудандық білім беру бөлімінің əдіскері Ботагөз Тлеубаева: «Короновирустық инфекцияға қарсы екпені өзім және жолдасым екеуміз ерікті түрде алдық. Жолдасым – педагог. Аудандық аурухана дəрігері алдымен қарап, сосын қызуыңды тексеріп, салқын тию белгілері жоқ болған жағдайда екпеге рұқсат береді. Екпені салатын мейірбике де қысқаша түсіндіріп, екпені алғаннан кейінгі сақтану шараларын түсіндіріп айтты. 21 күннен кейін екінші кезеңді алдым.Осы аралықта денсаулығымда жағымсыз өзгеріс болған жоқ. Сол екпені алған күні аздап дене қызуы болды. Қазір бəрі жақсы.
Жалпы, əр адам өз денсаулығына өзі жауапты жəне осы вирустың таралу қаупін сейілту үшін де екпені алған дұрыс деп ойлаймын» десе, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы
Рашит Ибрагимов: «Әлемді жайлаған пандемия басталғалы қаншама адам дүниеден өтті және әлі де ауырып жатқандар бар. Жаман індет кезінде тек санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау ғана аурудан құтқармайды, одан қорғанудың бірден-бір жолы – вакцина. Бұл екпе екі кезеңнен тұрады. Өз еркіммен вакцинаның бірінші кезеңін алдым. Ешқандай кері әсері жоқ. Өзімді өте жақсы сезінемін. Дәрігер енді 21 күннен соң екінші компонентін алу үшін шақырады. Вакцина – вируспен күресудің ең тиімді жолы. Осы тәсілдің арқасында індетті тоқтатып, қалыпты күндерге қайта ораламыз. Аудан тұрғындарын COVID-19-ға қарсы «Спутник V» вакцинасын алуға шақырамын», - дейді.
«Жаңақала балалар бөбекжайының» меңгерушісі Бегайым Есенғалиева: «Жаһанды жайлаған аты жаман індеттің екпіні қатты екені мәлім. Осынау аса қауіпті індеттен құтылудың және оны тоқтатып, таратпаудың бірден-бір жолы – вакцинаны қабылдау. Мен таяуда коронавирус дертіне қарсы «Спутник V» вакцинасын алдым.Бұл сақтық пен ұлт денсаулығы үшін және өз денсаулығыма деген жауапкершілік деп санаймын. Сондай-ақ балалар бөбекжайында қызмет еткен соң күнбе-күн кішкентай балалармен жұмыс жасауға тура келеді. Ал коронавирустың өршіп тұрған уақытында өзіңе және өзгеге қауіп тудырмаудың маңызы зор. Сол себепті инфекция одан сайын ушықпасын десек, екпе қабылдауымыз керек», - деп ой сабақтайды.
Жаннұр Берікқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress