9.06.2020, 15:51
Оқылды: 29

Жаңақалалықтар Жанаргүлді хоббиін бизнеске айналдырған жан ретінде біледі

Не керектің барлығы дүкен сөрелері мен базарда сіресіп тұрған заманда ешкімді ештеңемен таңғалдыра алмайсыз. Бірақ соңғы жылдары «хенд мейд», яғни қолдан жасалған бұйымдардың бәсі артып келеді. Әрине, сапасы мықты, дизайны көркем, заманауи сәнді дүниеге сұраныс баршылық. Өз қиялынан, көз майын тауысқан еңбегінен туған туындыны сатып, әжептәуір кәсіпке айналдырған жандарды көргенде тіпті марқаясың. Әлеуметтік желілер арқылы сатылымды жолға қойғандары қаншама?! Талапты қыз-жігіттердің жасаған дүниелеріне сұраныстың жоғары екенін бірден байқауға болады. Көздің жауын алып жарқыраған бұйымдар желіге жарияланысымен, оған қызығушылар, сатып алуға ниеттілер табыла кетеді. Іздегенге сұраған деген осы. Әр істің қиюын келтіріп, кәсібін нәсіп етіп отырған жандарды көргенде іштей риза болып қаласың. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халық даналығы тегін айтылмаған. Бүгінде белгілі бір кәсіптің кілтін ұстап, өзіне де өзгеге де пайдасын тигізіп отырған жандар көп-ақ. Солардың бірі - ауданымызда түрлі тәттіден, жемістерден гүл шоғын жасап нәпақасын тауып жүрген Жанаргүл Құбайтова.

Gul (6)
Кейіпкеріміз 1990 жылы Бөкей орда ауданында дүниеге келген. Кейін ата-анасының жұмыс бабымен Орал қаласына көшіп барады. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан бойжеткен 2008 жылы Орал қалалық мұнай газ және салалық технологиялар колледжіне техник-технолог мамандығына түсіп, оны ойдағыдай бітіріп шығады. Әрі қарай осы саланың жоғары күндізгі бөлімін тәмамдайды. Тумасынан зейінді, табанды бойжеткен түрлі мейрамханаларда жұмыс жасаған. 2015 жылы өмірлік жары Айдарбек Бірімжаровты кездестіріп, шаңырақ құрады. Жарық дүниеге екі перзент әкелген ата-ана тұрмыстарын түзеуге бар күш жігерін салуда.

Gul (1)
- Қыз баласы әрқашан әсемдікке құмар, арманшыл болады ғой. Мен осы уақытқа дейін түрлі мейрамханаларда дастарқан әзірлеудің қыр-сырымен танысып, бет бояу, қас жасау техникаларын меңгеріп, сұлулық салондарында жұмыс жасадым. Қазір бала күтіміне байланысты үйде отырмын. Бір кәсіппен айналысу арманым еді. Үйде бос отырмай ғаламтор желісінен түрлі тәттіден, жемістерден гүл шоғын жасау жолдарын үйрендім. Алғашқыда қолымдағы бар жемістерден гүл шоғын жасап, сүретке түсіріп, интернет желісіне жарнама жасадым. Содан соң түрлі гүл шоқтарына тапсырыс түсе бастағасын әрі қарай «Неге дұрыстап осы іспен айналыспасқа?» деп ойладым. Сосын Орал қаласына барып несие рәсімдеп, гүл шоғын жасауға арналған керекті құралдарды алып, кәсібімді бастап кеттім.

Gul (4)
Гүл шоғын дайындауға да ептілік керек. Сонымен қатар жан-тәніңмен беріліп жасағанда ғана әдемі шығады әрі тұтынушылардың алғысына бөленесің. Түрлі мерекелік шараларда, туған күндерде тұтынушылардың ұсынысына қарай гүл шоғын дайындаймын. Бұл кәсіппен айналысқаныма аз ғана уақыт болса да тұрақты тұтынушыларым бар. Өзім адамдарды қуантқанды, сыйлық жасағанды жақсы көремін. Сол себепті де болар, осындай тәтті гүл шоқтарын жасауды қолға алдым. Жолдасым да мен бұл істі бастағанда бірден қолдау білдіріп, үміт артты. Мен өз кәсібімнен ләззат аламын. Әрі үйде балаларымның жанында болған кезде қосымша табыс табуға мүмкіндік береді. Жасыратыны жоқ, бұл кәсіптен мереке күндері күніне 70 мың теңге, ал жай күндері 5-10 мың теңгеге дейін табыс табамын. Күнделікті тапқан табысымның 10 пайызын қайырымдылық қорына аударып тұрамын,- деді сауапты жасауды парыз санайтын Жанаргүл Жанболатқызы. Біз қарапайым келіншектің әңгімесін тыңдай отырып, оның бойындағы қарым-қабілеті мен адал еңбекке деген құштарлығына тәнті болдық. Бойындағы осыншама қажыр-қайраты мен тынымсыз тірлігіне қарасаң, көз сүйсініп, көңіл марқаяды. «Заманына сай адамы» демекші, ол өз қолынан жасаған өнімдерін әлеуметтік желі арқылы да жалпақ жұртқа таныстырып, шағын кәсібін дөңгелетуде.
Сөз соңы
Заманға сай кәсіп түрі сан алуан. Кәсіп тек ауылдық жерде төрт түлік мал бағып, егін егумен ғана шектелмейді. Әр адам ерінбей ізденіп, пайданың көзін тапса, ырыс-несібесінің артары анық. Қашанда бір істі бастау қиын, сынау оңай. «Маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамайды» дейді дана халқымыз. Қалай болғанда да еңбектің наны тәтті. Мемлекеттің қолдауын күтпей-ақ, өз ісін алға сүйрейтін Жанаргүл сияқты іскер қыз-келіншектердің қатары ауданымызда көп болса екен деп тілейміз.

Ақсәуле Хамзина
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале