Бүгін Жаңақазан ауылдық округінде «Ғасыр ғұмыр иесі» атты Мәрия Хазешова әжеміздің 100 жасқа толған мерейтойына арналған кездесу кеші өтті. Екі ғасырдың куәсі болған кейуананы ауыл тұрғындары қошеметтеп қарсы алып, ауылдық мәдениет үйінің төріне шығарды.

Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Руслан Ғұмар, ауыл депутаты Марс Жұмалиев, округ әкімі Сәдуақас Ғұбашев, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Еслямғалиева, аудандық ардагер ұстаздар кеңесінің төрайымы Рая Апақаева, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ақмарал Сапарова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайырғали Жайымов, басқа да ауылдық округтердің аналар кеңесінің төрайымдары, ауылдың ақ жаулықты әжелері, ауыл тұрғындары қатысты.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің және аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаевтің құттықтау хаттарын арнайы табыстаған Руслан Қонысбайұлының тілегінен соң Марс Тәкесұлы, Сәдуақас Болатұлы да мерейтой иесіне жүрекжарды лебіздерін арнады. Ұрпағын тәрбиелеп, салиқалы өмірімен көпке үлгі болған Мәрия әжеміздің өмірбаянын ардагер ұстаз Нұрсұлу Ғалимоллақызы тебіреніспен баяндады.

Жолдасы Жақия атамызбен отбасында 4 ұл және 3 қыз тәрбиелеп, олардан 16 немере, 40 шөбере сүйіп отырған ақ жаулықты әжемізге ұрпақтары қаумалап гүл ұсынып, құрметтерін білдірді. Кейін халқымыздың "шөберенің алақанынан май жалау" жөн-жосығымен әжеміз шөбересінің қолынан су ішіп, шөпшек қолынан май жалады.

Тағылымы мол шарада өнерпаздар ана туралы ән айтып, ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Гаухар Жекенова әжемізбен сыр-сұхбат құрып, «Ақжайық» телеарнасы арнайы келіп түсірген бейнетаспа көрсетілді. 100 жасқа толған әжеміз де өмір жолдарынан сыр шертіп, қара өлең айтып жиылған көпшілікті таңқалдырды. Ауданнан арнайы ат басын бұрған Қайырғали Үмбетқалиұы, Ақмарал Аманқызы, Рая Қайратқызы да әжемізге арнайы құттықтау хатын табыстап, ақ жаулық пен комзол жауып, шағын сый-сияпат жасады. Екі ғасырдың куәсі болған кейуанамыз көпшілікке ақ батасын беріп, кездесу қорытындыланды.
Сыйлыхан Жұмасалық
Жаңақала ауданы