Жайлауы малға, қойнауы бақытты тірлікке, жағалауы жасыл құраққа толып, көлінде шортан шоршыған жаңақазандықтар үшін ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Өйткені, бүгін Мемлекеттік рәміздер күніне орай “Жаңа дәуір: жаңа қоғам - заманауи кітапхана” атты Жаңақазан ауылдық модельді кітапханасының ашылу салтанаты өтті.

Жиынға аудан әкімі Алпамыс Жаңабайұлы, “Тана” қоғамдық қорының жоба-менеджері Динара Болатқызы, Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Шолпан Қуанышқалиқызы, Жаңақазан ауылдық округінің әкімі Сәдуақас Болатұлы, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Нұрғалиқызы және кітапхана жүйесінің мамандары мен тұрақты оқырмандар қатысты.

Мемлекеттік Гимн орындалғаннан кейін, Алпамыс Көшкінбаевке, Динара Сейтқалиева мен Шолпан Уразаеваға сөз беріліп, ауыл тұрғындарына ақжарма лебіздерін жолдады. Содан соң, лента қию рәсімі жасалып, ақ жаулықты әжелер шашу шашып, қуанышқа ортақтаса келгендердің баршасына ақтан дәм таттырып, ғимараттың ішіне енді. Әрі қарай, мәдениет үйінің дәлізінде мерекеге орай құрылған көрме таныстырылды. Сондай-ақ, модельді кітапхананың әр бөлмесіне жіті тоқталып, таныстырылым жасалды. Абонемент бөлімі, медиатека залы, оқырман және балалар залының жөндеу жұмыстарымен танысып, жаңадан жабдықталған жиһаздарға да назар аударылды. Әр бөлменің өзіне сән ерекшелігі бар. Бірінде домбыраның құлағында ойнаған жас өрендер құлақтың құрышын қандырса, енді бірінде спорт түрі - шахматты қызығушылықпен ойнаған балдырғандарға көзің түседі. Сонымен қатар, жаңақазандық ақсақал, 88 жастағы қария, зейнеткер оқырман Қалимолда Зинуллин де айтулы күнде төбе көрсетіп, жиналғандарға ақ батасын беріп, жылы тілегін жолдады.

- Бұл жаңа дәуір, үлкен қуаныш. Барлық жағдай жасалған. Балалардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін көп пайдасын тигізеді. Яғни, кітап оқудан бөлек домбыра тарту, шахмат және теннис ойнау, пианино үйрену сынды өнер түрлерімен жетік танысатын болады. «Ауыл кітапханаларын модернизациялау» жобасы аясында Жаңақазан ауылдық және балалар кітапханасын «Қазақстан халқына» қорының қаржылық қолдауымен «Тана» қоғамдық қоры қажетті заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен, жиҺаздармен жаңартты. Сондай-ақ, кітапханамыз жаңа кітап қорымен толықты, - дейді аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Дина Даниярқызы.

Айта кетейік, Жаңақазан ауылдық модельді кітапханасының ғимараты аудандық мәдени демалыс орталығының теңгерімінде. Кітап қоры 17520-ны құрайды. "Тана" қоғамдық қорынан 481 кітап келіп түскен. Көлемі 150 кв/м құрайтын білім ордасында оқырмандарға арналған 20 орын бар.

Иә, талғампаз оқырманның талабын орындап, баға жетпес құнды қазынаны насихаттайтын ортаға көрік беріп, жандандырған қолдаушыларға алғыстан өзге айтылар сөз жоқ. Десе де, берілген мүлік пен су жаңа кітаптарды күтіп ұстап, тазалық сақтау өз қолымызда екенін естен шығармайық. Қай уақытта да құндылығын жоғалтпайтын кітапхананың шығармашылығын шыңдауда еш ерінбейтін оқырмандары көп болсын.
Ақерке Ғилымхан,
Жаңақала ауданы
