Бүгінде кітапханалар тек кітап беретін орын болып қана қоймай, оқырман ақпарат алатын, бірлесе жұмыс жасайтын, ойын, білім, ғаламторды ұштастырған заманауи орынға айналуда. Оған күні кеше ғана Тасқала және Амангелді ауылдарында ашылған заманауи кітапхана куә.
Қос кітапхананың ашылу салтанатына аудан әкімі Талғат Шакиров, Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Шолпан Уразаева, осы кітапхананың кітапхана ісін дамыту бөлімінің меңгерушісі Лаура Сейтқалиева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Балыков, сондай-ақ “Amanat” партиясы Тасқала аудандық филиалының төрағасы Люция Жұбанышқалиева, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мұхтар Таңатжанұлы мен еңбек ардагерлері, кітапхана қызметкерлері мен оқырмандар қатысты. Алдымен сөз алған аудан әкімі Талғат Асқарұлы жиналғандарды жаңа кітапхананың ашылуымен құттықтады. “Кітапхана – тек кітап оқитын орын ғана емес, бұл – білім мен мәдениеттің алтын бесігі. Заманауи талаптарға сай жабдықталған бұл орталық жастардың білімге деген құштарлығын арттырып, рухани дамуында маңызды рөл атқаратынына сенімдімін. Осы кітапханадан білім нәрімен сусындаған жастарымыз ертең еліміздің жарқын болашағын қалыптастыратыны сөзсіз” – деді.
Одан әрі жаңа кітапхананың лентасы қиылып, жиналғандар кітапхана ішімен танысты. Бүлдіршіндер ақындардың өлеңін жатқа оқыса, аудан әкімі Талғат Асқарұлы кітапханаға жерлесіміз, ақын Айтқали Нәріковтің кітабын сыйға тартты. Бұл кітапхананың бір ерекшелігі оқырмандар үшін ыңғайлы орындықтар мен жарықтандыру жүйесі орнатылған заманауи оқу залы, жаңа әдебиеттер, ғылыми еңбектер мен көркем шығармалар топтастырылған кітап қоры бар. Сондай-ақ, мұнда электронды каталогтар мен мультимедиялық ресурстар да қолжетімді.
Балалар мен жастарға арналған арнайы аймақтар – оқушылар мен студенттер үшін қызықты, танымдық бұрыштары бар.
Оқушылардың бос кезінде сурет салып, іс тігіп, домбыра тартып, дойбы ойнап, уақыттарын тиімді өткізуге жағдай жасалған. Бұл жаңғыртылған кітапхана жастардың шығармашылық және білім беру орталығы, яғни келешекке жасалған жарқын қадамы болмақ. Болашақта мұнда түрлі әдеби шаралар, кездесулер, оқырмандар конференциялары мен мәдени кештер ұйымдастырылатын болады.
Айта кетейік, «Қазақстан халқы» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асқан бұл жоба аясында БҚО бойынша 12 ауданда 25 кітапхана ашылады деп жоспарланған болатын. Қазіргі таңда облыс бойынша біздің ауданды қосқанда 8 кітапхана ашылуда. Облыс әкімдігі және «Тана» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асатын бұл бастама кітапханаларды заманауи үлгідегі орталыққа айналдыруды көздейді.
Назгүл Серікқызы,
Тасқала ауданы