20.01.2021, 14:25
Оқылды: 78

Жаңатаң ауыз сумен қамтылмақ

Бәйтерек ауданына қарасты Щапов ауылдық округінде өткен есептік кездесу барысында округ әкімі Біржан Нұрбайыров ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші жайында баяндама жасады.

Жаңа5

Өткен жылы Щаповта кәріз жүйесі қайта жөнделіп, Жаңатаң елді мекенінде электр желісі мен трансформатор жаңартылған.

Көше атаулары тәуелсіздік талаптарына сай өзгертіліп, Жаңатаң ауылын ауыз сумен қамту мәселесі шешіле бастады.

Округ әкімінің сөзіне сүйенсек, жоғарыда аты аталған елді мекенге ауыз су жеткізу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Биыл құрылыс жұмыстары басталмақ.

Ауылда кәсіпкерлік те жақсы дамып келеді. Көлік көп жүретін Орал-Атырау тас жолы бойындағы ауылда автокөлік жуу және дөңгелек жөндеу кешенінің құрылысы басталған.

Сондай-ақ жылыжай салу, мал өсіру сияқты кәсіп салалары да жақсы жолға қойылған.

Округ әкімдігі ауылдың санитарлық тазалығына да үлкен мән береді. Өткен жылы ауыл маңына жиналған қатты тұрмыстық қалдық полигоны тазартылып, айналасы қазылған.

Округ орталығындағы Жайық көшесіне жарық шамдары ілініп, Бәйтерек көшесі абаттандырылған.

Жаңа2

Десе де ауылда шешімін күткен мәселелер де бар.

Округ әкімі халық саны артқан ауылға мектеп салу, «Бөбек» балабақшасын жөндеу, көптеп үй тұрғызылған ауылдың жаңа шағын ауданына ауыз су тарту, округ орталығы мен оған қарасты Жаңатаң ауылының көшелерін жарықтандыру, елді мекеннен қатынап оқитын оқушыларға жаңа автобус алу және Жаңатаң ауылын интернет желісіне қосу сияқты мәселелерді шешу жолында жұмыстанатындығын айтып өтті.

Жаңа3

Одан соң сөз алған аудан басшысы Марат Тоқжанов Щаповта әлі күнге дейін мәдениет үйі жоқ екеніне тоқталып, болашақта ауылға жаңа мектеп салу мәселесі тұрғандығын тілге тиек етті.

Жиын соңында пікір білдірген тұрғындар бұралқы иттерді жою, көң-қоқыс төгетін полигонды реттеу, мал жайылымына жер бөлу, балабақшадағы орын тапшылығы мәселелерін алға тартты.

 

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале