Жеріміздің аумағын айқындайтын, егемендігіміздің, елдігіміздің белгісі ол – мемлекеттік шекарамыз. Ал сол шекара шебін халқының тыныштығы, елінің амандығы, жерінің бүтіндігі үшін күзетіп, алаңсыз өмірді қамтамасыз етіп отырған ол – шекарашыларымыз.
Ел шетінде күндіз-түні қызметте тұратын қазіргі күннің батырларының еңбегі ерен. Өздеріне жүктелген әскери қызметтің міндеттерін, жауапкершіліктерін көтеріп жүрген шекарашыларға халықтың ризашылығы шексіз. Осы ауыр да абыройлы қызметті арқалап жүрген жандардың мерекесі, 18 тамыз – Шекарашылар күні.
Шыңғырлау ауданы мемлекеттік шекараның аймағында орналасқан. Көршілес елдермен араны бөліп тұрған аумақта болғандықтан, екі елдің арасындағы келісім мен ынтымақтастыққа, қарым-қатынасқа селкеу түсірмес үшін шекараның сенімді қорғанысы өте маңызды.
Аталғандардың барлығын іске асыратын, әрине, шекарашылар. Шыңғырлау ауданы бұл жағынан кенде емес. Себебі онда аса қырағы, батыл, өз істеріне адал шекара сақшылары қызмет етеді. Еліміздің тұс-тұсынан келіп осы жақта аудан игілігіне жұмыс жасап жүрген әскерилердің еңбегін айтпасқа болмайды.
Таңдаған қызмет саласының барлық талаптарын қабылдап, міндеттерін бұлжытпай орындап жүрген шекарашылардың бірі – Шыңғырлау шекаралық бақылау бөлімшесінің 1-топ офицері, лейтенант Жанболат Зорбаев.
Ол өзі Алматы облысынан болса да, еңбек жолын осында бастаған. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясын тәмамдаған жас шекарашы 2023 жылдың тамыз айынан бері ауданымызда қызмет етіп келеді. Аз уақытта көптеген нәтижелі жұмыстар көрсетіп, біршама жетістіктерге жетті.
Жанболаттың әскери қызметке деген қызығушылығы жас кезден-ақ аңғарылған. 2017-2019 жылдары Бауыржан Момышұлы атындағы «Жас ұлан» әскери мектебінде білім алған ол, осы салаға 15 жасынан аяқ басқан. Қазір міне мамандығына деген қызығушылығы, сүйіспеншілігі өзінің оң нәтижесін беруде.
Шыңғырлау шекаралық бақылау бөлімшесіндегі оның міндеті – мемлекеттік шекарадан өтетін пойыздарды тексеруді басшылыққа алу. Шекара аймағына келіп тоқтайтын теміржол көлігінің белгіленген талаптарға сай екенін, ешқандай заң, тәртіп бұзушылықтардың болмауын жіті қадағалап, аталған шараларды жүйелі түрде ұйымдастырып отырады.
– Әскери қызметкер, соның ішінде шекарашы болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Шекарашының бойында сенімділік, батылдық, сабырлылық, шыдамдылық сынды қасиеттер болу керек. Сонда ғана өзіне артылған міндеттерді абыроймен алып жүреді. Мен осы салада жұмыс жасайтынымды мақтан тұтамын. Себебі шекарашы болу – көпке беріле бермейтін мүмкіндік, үлкен жетістік. Әрине әр жұмыстың өз қиыншылығы бар. Біздің жұмысымызда мойныңдағы жауапкершілікті сезіне тұрып, тез әрі дұрыс шешім қабылдай білу – ең басты талаптардың бірі, - дейді Жанболат.
Расымен де елінің қай жерінде болса да күн-түн демей адал қызмет етуге дайын Жанболаттай қырағы тыныштық сақшыларының еңбегі үлгі боларлық. Жас буын осындай адал, отаншыл, жалынды азаматтарға қарап бой түзесе, ел келешегі жарқын болары сөзсіз.
Шекарашыларды еліне деген сүйіспеншілік, қызметіне адалдық және халқының берген алғысы алға жетелейді. Ал Отанына адал ердің елі мәртебесін көтеріп, халқы тілеуін тілеп, қашан да қолдап отырады.
Гүлжазира Асу
Шыңғырлау ауданы