Жұлдыз күліп аспаннан,
Жабырқасам, жас тамған.
Жолдың бәрі мен үшін
Жасқұсымнан басталған.
Жүрек отын жағайын,
Жұртына үнсіз қарайын.
Жататұғын құм басып,
Жәңгір ханның сарайын.
Жатпай сәби бесікке,
Жат ғұрыпқа ел көшіп пе?!
Жиғаны иман болғанмен,
Жанып кетті мешіт те.
Жоғалды ма мұра мың,
Жұрты ұмытпас қыранын.
Жәңгір жүрген Орда бұл,
Жағып білім шырағын.
Жасқұстан бұл кетпек кім,
Жүзгені де көктеп тұр.
Жарқырайды жұлдызы
Жәңгір ашқан мектептің!
Жайқала ма құрақтар,
Жер астында бұлақ бар.
Жұпар шашып айнала,
Жиделер де гүл атқан!
Жасқұс құмның бөктері,
Жазы қанша, көктемі!
Жас ұрпаққа жол сілтер
Жәңгір ханның мектебі!
Ғайса-Ғали Сейтақ