Жәнібек аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің құрылғанына 50 жыл толуына орай мерекелік шара өтті.
Кеш аудандық мәдениет үйінің фойесінде қойылған көрмені тамашалаудан басталды. Бұдан кейін қауымға спорт мектебі туралы түсірілген деректі фильм көрсетілді.
Құттықтау сөз аудан әкімі Азамат Сафималиевке берілді. Ол мектепті мерейтоймен жүректен құттықтап, осы салада ат салысып жүрген тұрғындардың дендеріне саулық, отбасыларына бақ-береке тіледі.
Одан кейін аудан әкімі бір топ азаматқа спорт мектебінің 50 жылдығына арналған төсбелгіні тақты. Олардың арасында мектептің алғашқы іргетасын қалаушы және директоры Ғұмар Ізбасов, ардагер-спортшы, жеңіл атлетика жаттықтырушысы Серік Масанов, спорт ардагері, үстел теннисінің жаттықтырушысы Тельман Ғұсманов, ардагер-спортшы, волейбол ойынының жаттықтырушысы Тахир Қадимов, мемлекеттік қызметкерлерден құралған волейболдан аудан құрама командасының ойыншысы Алмат Қаратаев, ауданда ұлттық спорт ойындарын қолға алып, аз уақыттың ішінде нәтижелі жетістіктерге қол жеткізген, БЖСМ-ның директоры Орынбасар Ғилымов, белбеу күресінен екі дүркін әлем чемпионы Нұрлыбек Хайруллин, ауданда шағын футболдың негізін қалаушы Айдос Нұрбаев және ардагер-спортшы, волейболдан облыс жеңімпазы Ғиният Құбашев бар.
Бір шоғыр аудан спортшыларына да аудан әкімінің алғысхаты табыс етілді. Сондай-ақ аталымдар бойынша үздіктер анықталды. Нақтырақ айтсақ, «Ардагер спортшы», «Ұлттық спортты насихаттаушы», «Үміт артар спортшы», «Жыл серпілісі», «Үздік спортшы», «Үздік жаттықтырушы», «Рухы қайсар жан», «Бұқаралық спортты дамытудағы үздік ауыл» аталымдары Елеусін Зинуллинге, Нұрболат Шағыровқа, Рустам Ұзақбаевқа, Мирас Берікбаевке, Аяби Мардановқа, Бейбіт Ароновқа, Ринат Қалмияровқа және Жақсыбай ауылына бұйырды. Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Орынбасар Ғилымов аудан спортының дамуына зор үлес қосып келе жатқан қызметкерлерді марапаттады.
Гүлзара ТӨРЕҒАЛИЕВА,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер