13.02.2023, 17:00
Оқылды: 1751

Жәнібек ауданы: айтылған жайттың ізімен

Жуырда Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Жәнібек ауданына келіп, аудан тұрғындарымен кездесті. Кездесуде қойылған сұрақтардың дені жеке бастың мәселелері болды. Соның ішінде тұрғын үйді жекешелендіру, мемлекет тарапынан жалға берілетін үйдің жай-күйі, қоғамдық көліктердің уақтылы жүрмеуі айтылды. Кездесуде өңір басшысы қойылған сауалдар аудан деңгейінде шешілу керектігін айтып, құзырлы органдарға жұмыстануды тапсырды. Осы орайда газет редакциясы көтерілген мәселелердің анық-қанығына жетуді ұйғарды.

88fbd49b-6904-449e-85e1-71c9e1f5a662

Ауызша айтылған іс-әрекеттің – заңды күші жоқ

Алдымен үйін төрт жылдан бері жекешелендіре алмай жүрген Жәнібек ауылының тұрғыны Жазира Бекетаевамен тілдесіп, мән-жайды анықтады. Оның айтуынша, 2018 жылы жалға берілген үйді екі жылдан кейін жекешелендіріп алуға болады екен. Алайда осы уақытқа дейін үйі әлі мемлекеттің меншігінде.

18130206-9f8e-4a46-bd32-aba6554d5bf4

-Әкімдік 2017 жылы көпбалалы санаты бойынша кезекте тұрған маған Д.Нұрпейісова көшесінен екі бөлмелі пәтер берілді. Ол үйде бір жыл шамасында тұрдық. Бірақ үйдің төбесінен су кетіп, үйде ылғал (сырость) пайда болды. Соның кесірінен балаларым ауырып қалды. Үйдің жағдайы мен балалар санын ескеріп, 2018 жылы Ш.Шарафетдинов көшесінен есептен шығайын деп тұрған бес бөлмелі үйді берді. Оны жалға алғаным үшін төлемін әрі кетсе екі жыл төлеп, жекешелендіріп ала аласыз деді. Үйге кірген бойда ай сайын 690 теңге шамасында төлеп отырдым. Қазір ай сайын арендалық төлем 752 теңге. 2020 жылы жүрегіме ота жасалды. Ем-дом алып жүргенде үй мәселесін ұмытып кетіппін. 2021 жылы аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Жаналиевке барып, үйдің бережағы қанша, өз атыма ауыстыру үшін қандай құжат жинау керектігін сұрадым. «Есептеп жатырмыз» деді. Екі аптадан кейін тағы барып, сұрағанымда: «Әлі есептеп жатырмыз, түс қайта келіңіз», - деп жауап қатты. Айтылған уақытта бардым. Қағазға 3 млн теңгеден аса бережақ бар деп жазып берді. «Неге сондай сома қалып тұр? Екі жылдан кейін есептен шығарылатын үйге осыншама ақшаны не үшін төлеймін» деп сұрадым. Мақсаттың жауабы: «Аталмыш қаржыны әлі бірнеше жыл төлейді екенсіз», - деді. Содан балаларымды ауруханаға емдетіп жүргенде ол шаруа қалып қойды. Былтыр қайта қолға алу мақсатында қазан айында аудан әкімінің қабылдауына кірдім. Қасында бөлім басшысы Мақсат та отырды. Аудан әкімі: «Көтерген мәселені шешіп береміз, бұндай соманың болуы қате болар», - деді. Биыл қайта бардым. Дегенмен өзгеріссіз. Әлі де есептеу барысында екен, - деді Жазира Бекетаева.

951c9cfc-b93f-4f91-b69e-9604801d4cfe

Айта кету керек, Жазира осы уақытқа дейін үйді жекешелендіру үшін ешқандай өтініш жазбаған. Барлық іс-әрекет ауызша түрде жасалған.

Жазираның пікірінен кейін аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Жаналиевке жолығып, жауабын алдық.

«Жазира Бекетаеваға 2017 жылы Д.Нұрпейісова көшесінен арендалық тұрғын үйден үй берілген болатын. Ол кезде оның отбасында 6 бала болған. Одан соң 2018 жылы отбасылық жағдайын ескере отырып, ол коммуналдық баланста тұрған үйдің босауына байланысты Ш.Шарафетдиновтағы бір үйге көшірілді. 2022 жылдың қазан айында үйді жекешелендіру бойынша Жазира бөлімге келді. Бірақ өтініш түсірген жоқ. Өтініш түсірген жағдайда комиссиямен қараймыз. Ал енді бережақ дегенге келетін болсақ, ол бережақ емес. Бұл қаражат үйдің қалдық сомасы. Облыс әкімінің кездесуінде 3 млн 800 мың теңге деп айтқаным бар. Алайда ол қате есептелген қаржы. Қазіргі таңда үйдің қалдық құны жоқ, тиісті мекемені шақырып, үйді бағалағаннан кейін қаржысы белгілі болады. Содан кейін үйді жекешелендіруге еш кедергі болмайды. Бастысы, ол өтініш жазу керек», - деді Мақсат Нұрболұлы.

Жазираның қазіргі тұрып жатқан мекенжайы Ш.Шарафетдинов көшесі 89/3 үйі кезінде Жәнібек аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы болған Николай Анатольевич Возмищевке тиесілі болған. Ол зейнеткерлікке шыққан кезде әкімдіктің балансына беріп кеткен. Одан кейін ол үйде аудан прокуроры, 2015 жылға дейін Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Қарашин, 2018 жылға дейін аудандық саз мектебінің директоры Жақсылық Бисенғалиев отбасымен тұрып келген.

 

Түсіністікпен қарап, тұрғын үй тауып берсе де...

Сол сияқты облыс басшысының тұрғындармен кездесуінде Жәнібек ауылының тұрғыны Индира Ахметқалиева әкімдік берген үйдің есігі, терезесі және сыртта әжетхананың жоқтығын айтып, аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Жаналиевтің үстінен шағымданды. Расында есік-терезесі мен дәрет сындыратын орны жоқ па? Ол үйді үкімет қалай беріп отыр деген мақсатпен Индираның үйіне бардық. Көрдік. Терезесі мен есігі бар. Бірақ сырттағы дәретхана опырылып, шұңқырға түсіп кеткен екен.

-Аудандық ауруханада жұмыс істеп жүргенде аурухананың басшысы Сәуле Мағауятқызы аудан әкімдігіне қызметкеріме қызметтік үй беріңізші деп өтініш жазды. Ғ.Қараш көшесіндегі бір үйді көрсетті. Жағдай онша емес болды. Мейлі, жөндеп алармын десем де ауданға сұранысқа ие маман келсе, бұл үйді босатуым керек болады. Содан Т.Әбдірахманов көшесіндегі 62-үйдің 9-пәтерін берді. Аталмыш пәтерде Әдемай Саленова деген кісі тұрған. Қалаға көшіп кетті. Көшіп кеткенмен, сыртқы және ішкі есіктерді, үйдің қоршауын, тіпті электр шамдарына дейін алып кетті. Үй аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің есебінде тұр. Жарайды, есік-терезені көршілердің көмегімен қондырып алдым. Бірақ дәретхананы қалыпқа келтіруге менде ақша жоқ. Қарызға белшеден баттым, - деді И.Ахметқалиева.

 

«2022 жылдың тамыз айында И.Ахметқалиеваға Т.Әбдірахманов көшесіндегі үй берілді. Үйдің бұрынғы тұрғыны Ә.Саленова өзінің қондырған ішкі есіктерін өзімен бірге алып кетті. Бірақ дәретхана болды. Сыртқы есік даладағы салқын мен ішкі жылуға (конденсат) шыдамай сынып қалды. Алып тастауға тура келді. Есік Индира сол үйде тұрып жатқан кезде сынды. Көршісі қазір тұрған ағаш есікті қойып берді. Біздер тек сол есіктің айналасын реттеп бердік. Дәретхана былтыр қараша-желтоқсан айларында жауған жаңбырдың кесірінен опырылып кеткен. Бір сөзбен айтқанда, қазақилығымызды көрсетіп, далада қалдым дегесін түсіністікпен қарап үйді кезексіз беріп отырмыз. Келісімшартты жасап қойдық. Айына 25 теңге төлейді. Бірақ Индира үйге қанағаттанбаймын деп келісімшартқа қол қоймай отыр. Дәретхананы айтар болсақ, бөлімнің балансында 170 үй бар. Егер әр үйдің дәретханасын жасап жүретін болсақ, онда ауданда жол салынбайды, жарық шамдар орнатылмайды. Дәретхананы салуға да жобалық-сметалық құжаттама жасасақ, бір сыртқы дәретхананың бағасы 300-400 мың теңге болады. Ал енді қазған шұңқырымызды бетондайтын болсақ, онда ол тіпті миллионға жақындайды. Дәретхана, негізінде, әр адамның өзі пайдаланатын дүниесі. Тұрғынның тарапынан іс-әрекет болу керек. Дейтұрғанмен оған да түсіністікпен қарап, күн жылынған бойда сыртқы дәретхананың шұңқырын қазып беруге көмектесеміз», - деді Мақсат Жаналиев.

 

Қоғамдық көлік болмағанда да жүрдік қой

Сонымен қатар кездесуде аудан орталығындағы қоғамдық көліктің уақтылы жүрмеуі сөз болды. Жәнібек ауылының тұрғыны, Д.Нұрпейісова көшесінде тұратын Жанар Құбаеваның айтуынша, маршрут ол тұратын мекенжайға бармайды екен. Аталған мәселе бойынша ауыл ішінде қоғамдық көліктердің жүруін ұйымдастырып отырған «ЖәнібекСтройСервис» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Марлен Сайхаденовпен сөйлестік.

- Біріншіден, Жанар Құбаеваға тоқталсақ, ол кісі қоғамдық көлікке мүлдем мінбейді. Маршруттар оның үйінің алдына келіп тоқтап тұру керектігін талап етіп отыр. Одан «Көліктер сенің үйіңнің алдына не үшін тоқтап тұруы керек. Мүмкін сен үлгермейсің бе, әлде сол маршруттарды көріп тұрғың келе ме?» - деп сұрадым. Өзі білмейді. Көліктер қалай жүреді? Мәселен, бірінші рейс – балабақшаларға балаларды тасиды. Тұрғындар сол режимге үйренген, аялдамаларға шығып тұрады. Содан кейін мектепке баратын оқушылар тасымалданады. Одан соң жұмысқа баратындар көлікке мінеді. Сөйтіп көліктер өзінің уақытымен жүріп тұрады. Әр адамның үйінің алдына баратын ол такси емес. Мысалы, мынадай бір жағдай болды. Жүргізушінің біреуіне қоңырау шалады. Оған ұйықтап қалғанын, жұмысқа үлгермей жатқандығын айтып, кідіре тұруын сұрайды. Әрине маршрут оны күте алмайды. Бір кісінің кесірінен көлікте отырған он адам жұмысқа кешігеді. Аялдамалар бар. Қазір қоғамдық көліктер уақытында жүріп жүр. Иә, рас қаңтардың басында ауданда газ болмай, екі күнге көліктер тоқтап қалды. Себебі тасымалдайтын көліктердің барлығы газбен жүреді. Мекемеге бөлінген субсидия газдың минималды бағасымен есептелген. Қаржысы да солай төленуде. Жалпы, қоғамдық көліктің жыры қатты шаршатып жіберді. Ол көліктер болмағанда да, тұрғындар мектеп, балабақша, жұмысқа кешікпей барып жүрді ғой. Алдағы уақытта қоғамдық көліктердің жүруін тоқтататын шығармын, - деді М.Сайхаденов.

Түйін: Көтерілген мәселелердің жауабын алып, назарға ұсынып отырмыз. Әр адамның басында түрлі жағдай болады. Оларды жанжалсыз, бейбіт жолмен шешуге тырысу керек. Сонымен қатар біреуден талап еткенше, өзің үшін әрекет етіп, еңбектену қажет.

 

Гүлзара Мәди,    

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале