Бүгін Жәнібек ауданы әкімі Тимур Шиниязов түрлі мәселемен келген аудан тұрғындарын қабылдады. Қабылдауға тұрғындардың мәселелерін шешуге ниеттенген дербес бөлім басшылары да қатысты. Әкімнің қабылдауына 16 адам жазылса, соның алтауы тұрғын үй мәселесін алға тартса, төртеуі жұмыс сұрады.
Қалғаны жеке басты толғандырған мәселені арға тартты. Мәселен, Жәнібек ауылының тұрғыны Біржан Кенжәлиев И.Жұмаев, яғни Жеңіс пен Ш.Шарафетдинов көшелерінің қиылысын жарықтандыру мен асфальт төсеу мәселесін көтерді.
Мәселеге сай аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Арман Түйебаев: «Аталған қиылысқа жарық өткізу мен асфальт төсеу жоспарда бар»,- деді.
Сондай-ақ ұзынкөлдік Жасұлан Дәуешев жұмыс сұрап келсе, Орал қаласынан келген Гүлдана Мұстафина «Қаладан ауылға» бағдарламасы бойынша көкейде жүрген сұрақтарын қойды. Одан бөлек мүмкіндігі шектеулі II және III топ мүгедектеріне қарастырылатын жеңілдіктер көбейсе деген уәжін жеткізді.
Арай Сейфолла,
Жәнібек ауданы