1.07.2024, 23:00
Оқылды: 46

Жәнібек ауданы: мал азығын дайындаудың барысымен танысты 

Жәнібек аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрболат Әбдірешев Ұзынкөл, Ақоба ауылдық округтеріне барып, шабындықтардың жай-күйін барлап қайтты.

image-01-07-24-06-22

Жаз айлары бастала сала, қыстың қамына кірісетін шаруашылық иелері мен «малым жанымның садақасы» деп отырған халықтың көңілі бүгінде төрт түліктің қысқы азығына алаңдаулы. Нұрболат Зұлпықарұлы сапарын Ұзынкөл ауылдық округіне қарасты шаруа қожалықтарынан бастады. Алдымен Елдос Сағынғалиевтың «Аманқос» шаруашылығына ат басын тіреді. Қожалық жетекшісі ауа райының қолайсыздығы салдарынан шөп шығымының аздығын айтып налыды. Дегенмен еңсені түсірмей, науқан аяқталғанша қалай да бар техниканы жұмылдырып, мал азығын дайындап алуға мүдделі. Ал Айболат Нұрболовтың ісін дөңгелетіп отырған ұлы, «Бірінші» шаруа қожалығының жетекшісі Ерболат Нұрхатов болса қысылтаяң уақытта қолдан келгенше халыққа қол үшін беріп, демеушілік жасауға дайын екенін айтып, бағаны барынша төмен межеде ұстап тұратындығына сендірді.

image-01-07-24-06-22-1

Мал шаруашылығын дамытуды қолға алған «Аман» шаруа қожалығының жетекшісі Нұртай Бисақов өздерін назардан тыс қалдырмаған Нұрболат Зұлпықарұлына алғысын жеткізіп, мал басының көбеюіне байланысты 300 гектар жерінің аздық ететіндігін айтып, жер мәселесі бойынша бұйымтайын аудан әкімдігіне жеткізуін сұрады. Бөлім басшысы бұдан өзге осы қожалыққа жақын орналасқан «Арай» ШҚ-ның жетекшісі Медет Сағындыровқа да жолығып, қысқа дайындықтарын сұрады.

Әрі қарай Нұрболат Әбдірешев, Ақоба ауылдық округінің ШҚ-ларына қарай жол тартты. Мұнда ол «Алмаз» (А.Хабиев), «Әбдіраман» (Б.Әбдіров), «Шавкат» (Т.Даутов), «Авди» (Т.Сорокова), «Әлем» (Е.Ескендіров), «Ғалиев» (Ғ.Ғалиев), «Елдар» (А.Оразбаев), «Жас Өрен» (Е.Ғұбашев), «Қайрат» (Ж.Қалмияров), «Мерей» (Қ.Ғайнуллин) және тағы басқаларында болып, мал азығын дайындаудың барысымен танысты.

Арай Сейфолла,

Жәнібек ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале