17.08.2024, 16:30
Оқылды: 157

Жәнібек ауданы: таулықтардың мәдениетті кеші өтті

Жаз айы келе жыл сайын ауылдық округтердің мәдениет ошағының көркемөнерпаздары Жәнібек аудандық мәдениет және демалыс саябағында дәстүрге айналған концерттік бағдарламаларын қояды. Осы аптада аудан тұрғындары мен қонақтарына әдемі ән кешін Тау ауылының көркемөнерпаздары ұсынды.

image-17-08-24-01-37-3

Бір кездері аты дүркіреген, тарихының тамыры тереңде жатқан осынау ғажайып өлкенің мәдениет ошағындағы өнерпаздар санының аздау болғанына қарамастан, халыққа сапалы дүние көрсетіп, әдемі әсер қалдыруды мақсат еткен Әлібек Сүйінішев бастаған таулық көркемөнерпаздарға бір төбе ризашылық.

image-17-08-24-01-37

Қай концерт болмасын ұлттық бидің ұлықталуы басты назарда. Бұл жолы да Ғ.Абдуллин атындағы мектебінің мың бұралған биші қыздары қазақ биін нақышына келтіре билесе, әнші қыздары халық әні «Беу айдайды» тыңдарман жүрегіне жеткізе білді.

image-17-08-24-01-37-2

Ауылдан өздері көшсе де, жүректері көше қоймаған ауылдастарды тебірентіп «Ауылым» әнін орындаған ауылдық мәдениет үйінің жетекшісі Әлібек Мұхтарұлы мен жерлестерімен бір сахнаны бөліскен редакция тілшісі Арайгүл Сейфуллиева жүректердегі ауылға деген сағынышты бір басты.

image-17-08-24-01-37-1

Халықтар достығын дәріптеуге үндейтін әр ұлттардың биінен орындалған попурри де көрген көзді қуантпай қоймады. Аталған ауылдың облыс көлемінде танылған дәстүрлі әндерді жаңа форматта орындап жүрген жас таланты Баймағамбет Ажығалиев «Ерке қыз» әнімен көп жүректі жаулағаны айтпай-ақ айқын. Одан бөлек Сымбат Қапизова «Бағалаңдар жігіттер», Жаннұр Алтай «Ләйлім», Мәріш Бексейітова «Ойлайсың ба?», Арай Сейфоллиевп «Алдама» әндерін орындады. Қайталанбас дауыс иесі Жандос Темірғалиев «Ауылым» әнімен кештің нүктесін қойды. Осылайша, өнер ошағы қасиетті жұма күнінде халыққа артық дүниесіз әдемі де, әуезді ән кешін тарту етті.

Арай Төлеуішқызы,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале