Қаладағыдай банк қызметтерінің, соның ішінде қолма-қол ақшаны тез әрі кезексіз алуға аудан тұрғындары мұқтаж екені белгілі және осы күнге дейінгі аудан басшыларының әр халықпен кездесуі кезінде тілге тиек етіліп жүрген мәселе болатын. Сондықтан да біраз уақыттан бері банк басшылығымен аудан әкімдігі тарапынан жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде аудан орталығына банкоматтар орнатылды.

Осы орайда аудан әкімі Тимур Шиниязов аудан орталығындағы «Әлем» және «Саян+» сауда орталықтарында орналасқан банкоматтарды арнайы барып көрді. Банк қызметі түрлерін көрсететін Eurasian мен Forte bank банкоматтары қолма-қол ақша алу және қағаз ақшаны есепшотқа салудан бөлек, басқа да қызмет көрсету операцияларын жүзеге асыруға көмектеседі.

Еске сала кетейік, соңғы екі жылдың ішінде екі бірдей банк аудан тұрғындарының банк қызметіне деген сұранысын қанағаттандыру үшін аудан орталғына үш банкомат орнатқан болатын. Күні бүгінге дейін халыққа банк операциялары бойынша Еуразия банкінің менеджері қызмет көрсетіп келген болса, алдағы уақытта осы қатарға Форте банк менеджері қосылатын болады.

Айтқандай, тұрғындардың көз қуанышына айналып үлгерген «Саян+» сауда орталығында орналасқан банкомат, екі жақты келісімшарт өз күшіне енген бойда іске қосылатын болады. Ал «Әлем» сауда орталығында орналасқан банкомат жүгінушілерге қызмет көрсетіп бастап кетті. Енді қолма-қол ақшаны кез келген уақытта орталықта орналасқан үш банкоматтан ала аласыз.
Арай Сейфолла,
Жәнібек ауданы