Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиевтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы өтті. Оған аудан прокурорының көмекшісі, аудандық полиция бөлімі, комиссия мүшелері қатысты.
Комиссия отырысында алдымен күні кеше Ұзынкөл ауылында жоғалып кеткен үш жасар қыз баланың ата-анасының мәселесі қаралды.
Нақтырақ айтсақ, орын алған жағдайға байланысты аудандық полиция бөлімі Айарудың анасы Жібек Сұлтанғалиевамен профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, оған балаларды тәрбиелеу жұмыстарымен тиісті деңгейде айналыспағаны үшін ҚР Әкімшілік Құқық бұзушылық Кодексінің 127-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, он айлық есептік көрсеткішпен айыппұл салынды.
Болған жайтты Ж.Сұлтанғалиеваның өз ауызынан естіген комиссия мүшелері оған түсінік жұмыстарын жүргізіп, олқатаң бақылауда болатындығын жеткізді. Соныменқатар, Ж.Сұлтанғалиева толық медициналық тексерістен өту керектігі айтылды.
Сондай-ақ комиссия отырысында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясының басталуына орай іс-шаралар жоспарының жасақталуы, білім беру бөлімі тарапынан ұйымдастырылып жатқан жұмыстар туралы аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Айжан Испенбетова баяндап берді.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы