13.11.2024, 23:00
Оқылды: 106

Жәнібек ауданында өткен жиында заңнама талаптары түсіндірілді

​Бүгін Жәнібек ауданы әкімдігінде ауылдық округтердің әкімдері, дербес бөлімдер мен мекемелердің басшылары, шаруа қожалықтарының жетекшілері мен жеке кәсіпкерлердің қатысуымен жиын өтті.

image-13-11-24-06-00-6

​- Жәнібек ауданының прокуратурасы және аудан әкімдігінің бастамасы бойынша «Кәсіпкерлік субъектілері арасында заңнама талаптарын түсіндіру және оларға көрсетілетін қолдаулар» тақырыбындағы кездесуімізді ашық форматта өткізуге шақырамын, - деген аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов сөз кезегін аудан прокуроры Асқар Мерекеге берді.

​-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында кәсіпкерлікті қолдау саясаты мемлекетіміздің тұрақты стратегиясына айналуы керектігін атап өтті. Ағымдағы жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында бизнесті қорғау жөнінде бірлескен іс-шаралардың кешенді жоспары бекітілді. Онда бизнесті қорғау мен заңдылықты одан әрі қамтамасыз ету мақсатында тоқсан сайын өлшем жүргізіп, талқылау көзделген. ҚР Бас прокурорының салалық нұсқамасына сәйкес прокуратура органдарының басым бағыттарының бірі ол - кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау болып саналады. Ағымдағы жылы Жәнібек ауданының прокуратурасымен тексеру нәтижелері бойынша 584  кәсіпкердің құқықтары қорғалды. Бүгінгі кеңесте бизнес субъектілерінің құқықтарының бұзылу типтерін қараймыз. Бас прокурордың кәсіпкерлік саласында қадағалауды күшейту туралы бірнеше нұсқаулары орындалды. Осыған байланысты прокуратура органдары, бақылаушы органдар тарапынан бизнеске қатысты құқықбұзушылықтарға, жеке кәсіпкерлерді негізсіз қудалау деректеріне жол бермеуге бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда аудандық прокуратурада мобильдік топ құрылды. Бұл мобильдік топтың басты мақсаты кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау. Кез келген уақытта осы мобильдік топпен байланыса аласыздар. Сондай-ақ әлеуметтік желілер мен жедел байланыс қызметі бизнес субъектілеріне орнатылған. Аталғандардан өзге күнделікті аудан прокурорына ертеңгі сағат 09:00-ден кешкі сағат 18:30-ға дейін қабылдау жүргізілетіндігін назарыңызға беремін. Қазір сіздерден қосымша сұрақтар болса тыңдауға әзірмін, - деді Асқар Ғылымұлы.

image-13-11-24-06-00-9

​Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Лаура Насырова өз хабарламасында кәсіпкерлік субъектілеріне санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік-құқықтық актілермен және рұқсат құжаттарын алу тәртібі, мемлекеттік қызметті көрсету қағидалары туралы түсінік берді.

​- Биыл мамыр айынан бастап Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының Жәнібек аудандық филиалы жұмыс жасап тұрғаны башамызға мәлім. Жәнібек ауданының филиалы Бөкей Ордасы аудандық филиалына біріктірілді. Осы қызметке тағайындалғаннан бастап, кәсіпкерлердің мәселесімен жұмыстанып келемін. Асқар Ғылымұлы айтып кеткендей, біздің де мақсатымыз прокуратурамен бірлесіп, кәсіпкерлікті қолдау мен қорғау болып табылады. Осы бағытта бізбен бірге жұмыстанып жатқан Жәнібек аудандық кәсіпкерлер кеңесі бар. Кеңес кәсіпкерлердің мәселесін хаттамалар арқылы біздерге ұсынады. Төрағасы - Мағауия Жұмашев. Кеңестің алты мүшесі бар. Сонымен бірге ол өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі. Бұл кеңесте облыс деңгейіндегі үлкен мәселелер қаралады. Облыстық прокуратура және кеңес басшылығы атқарылған жұмыстарды қарап, заңдастырып, кемшіліктерді анықтап, ақарушы органдар мен жауапты мекемелерге, тиісті сала  басшыларына тапсырмалар мен нұсқамалар беріп отырады. Қазір бәрі де онлайнға көшті ғой, халыққа қызмет көрсету орталығындағыдай заңды түрде, сенімді болу үшін электронды кілтіңізбен біздерге хабарламаңызды қалдыра аласыз. Осы қызметке орналасқаннан бері күні бүгінге дейін 30-40 пайыз кәсіпкер көмегімізге жүгінді, - деген Бибігүл Жұмағұлова әрмен қарай соңғы жартыжылдықта атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.

​Кездесу барысында жеке нотариус Алма Исабекова да шаруа қожалықтарына қатысты жерге салынатын салық, мұрагерлік, өсиет қалдыру сынды бүгінгі күннің өзекті мәселелері турасында сөз сабақтады. Аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Жанболат Мұқашев өз сөзінде аудандағы кәсіпкерлік нысандарды түрлі келеңсіз оқиғалардан қорғау үшін бейнебақылау камераларын орнату, қоқыс салатын контейнерлермен жабдықтау туралы айтып өтті. Сондай-ақ аудандық кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Мағауия Мәдиұлы, Қамысты ауылынан келген еңбек ардагері, зейнеткер Бұрхан Өтеғалиев сөз сөйлеп, ой-пікірлерімен бөлісті. Қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берілді.

 

Асқар Құсайынов

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале