Бүгін Жәнібек аудандық мәдениет үйінің фойесінде Тәуелсіздік мерекесіне орай мектептен тыс жұмыстар орталығының құрылғанына және «Ақбастау» жастар қоғамдық бірлестігіне 20 жыл толу құрметіне білім қызметкерлері арасында «Тәуелсіздік – ел бақыты» атты көрме-байқау өтті.
Байқау басталмас бұрын аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов сөз алып, жиылғандарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, шара ұйымдастырушыларына алғысын білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, «Ақбастау» жастар қоғамдық бірлестігінің атқарған жұмыстарына тоқталып, басшылық құрам сапын бірқатар білікті мамандармен толықтырудағы үлесін ерекше атап өтіп, бірлестікке 20 жыл толуымен құттықтады.
Мектептен тыс жұмыстар орталығы директорының міндетін атқарушы Есенгелді Жексеновке де сөз берілді.
Аудан көлемінде өткізіліп отырған көрме байқауына алыс-жақын ауылдардан ұзын саны 25 туынды ұсынылды. Қатысушылардың арасынан үздік жұмыстарды анықтау үшін ауданымызға белгілі суретші Төлебек Есімғалиев, аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Меңдігүл Фазылова, аудандық «Шұғыла» қоғамдық-саяси газетінің директор-редакторы Гүлзара Төреғалиева қазылық етті.
Байқауға қатысушылардың әрбір туындысында Тәуелсіз Қазақстанның бай тарихы, ұлттық бірлік пен бейбітшілікке деген ұмтылысы көрініс тапты.
25 туынды ұсынылған байқауда «Бейнелеу өнері және кескіндеме» бойынша жүлделі бірінші орынды мектептен тыс жұмыстар орталығының мұғалімі Нағым Төлебеков иеленді.
Екінші орынды №1 мектеп-лицейінің мұғалімі Айнұр Тұңғатарова, үшінші орынды Ұзынкөл орта мектебінің мұғалімі Заманбек Мәліков алды.
«Сәндік қолданбалы және мүсін өнері бойынша бірінші орын иегері болып мектептен тыс жұмыстар орталығының мұғалімі Елдос Сағадатов танылса, Х.Халиуллин атындағы орта мектебінің мұғалімі Қарлығаш Шәріпова екінші орыннан көрінді. Жүлделі үшінші орынды Ө.Сахипов атындағы орта мектебінің жас маманы Руханият Абатов иеленді. Сонымен бірге барлық қатысушы алғыс хаттармен марапатталып, «Ақбастау» жастар қоғамдық бірлестігі ұсынған бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Айта кету керек, көрме үш күн тұрғындар назарына ұсынылады.
Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы
Фотоға түсірген автор